АСТАНА, 2025 жылғы 17 маусым – Қазақстанның Қытай және Орталық Азия елдерімен энергетикалық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Алдағы уақытта бірлескен технологиялық жобалар мен терең өңдеуге басымдық беріледі.
Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Қытай – Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысында сөйлеген сөзінде айтты.
Министр өз баяндамасында Қазақстан энергетиканы өнеркәсіптік кооперацияның, инвестициялар тартудың және орнықты өсудің негізі ретінде қарайтынын атап өтті.
«Қазір біз Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі – стратегиялық сенім пайда болып, нақты жобалар қолға алынып, тұрақты ынтымақтастық тетіктер қалыптасқан «алтын отыз жылдықтың» басталуына куә болып отырмыз», – деді Ерлан Ақкенженов.
«Энергетика саласындағы Қытаймен 30 жылға созылған тәжірибеміз – ұзақмерзімді әрі екіжақты тиімді серіктестіктің жарқын үлгісі», – деп толықтырды ол.
Министр ынтымақтастықты тереңдетудің негізгі басымдықтарына да тоқталды. Жаңартылатын энергия көздері саласында күн және жел электр станцияларын бірлесе іске асыруға, сондай-ақ Қазақстанда ЖЭК үшін компоненттер өндіретін индустриялық базаны дамытуға назар аударылады.
Газ саласында технологияны жетілдіру, инфрақұрылымды жаңарту және геологиялық барлау маңызды бағыттар ретінде белгіленді. Ал мұнай өңдеу мен мұнай-химия саласында шикізатты терең қайта өңдеу және жоғары қосымша құны бар өнім шығару мақсаты қойылып отыр.
Ерлан Ақкенженов бұл стратегия нақты істермен негізделіп отырғанын да айтты. Кешегі өткен Бірінші өңірлік энергетикалық форум аясында жаңартылатын энергетика, бірлескен зерттеулер және кадрлық әріптестік бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылған болатын.
Энергетика министрлігі Орталық Азияда Қытаймен технологиялық әріптестік және өзара тиімділік негізінде бірлескен сенімді энергетикалық кеңістік пен өнеркәсіптік торап құру жұмыстарын жалғастырады.