АСТАНА, 2025 жылғы 16 маусым — Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласында айтарлықтай өсім байқалады: соңғы он жылда елдегі ЖЭК нысандарының жалпы орнатылған қуаты 17 еседен астамға артып, 3082 МВт-қа жетті.
Бүгінгі таңда «жасыл» генерация елдегі жалпы электр энергиясы өндірісінің 6,43%-ын қамтамасыз етіп отыр. Бұл жетістіктер мен алдағы жоспарлар Power Central Asia + China өңірлік энергетикалық форумында таныстырылды.
Мұндай қарқынды даму – экологиялық таза, тұрақты және экономикалық тұрғыдан тиімді энергетикалық жүйені қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. 2018 жылдан бастап Қазақстанда іске қосылған ашық аукциондық механизм аясында 13 елден 260-қа жуық компания тартылды. Бұл тек қуат көздерін арттырып қана қоймай, сонымен қатар «жасыл» электр энергиясының тарифтерін де едәуір төмендетуге мүмкіндік берді: жел электр станцияларына – шамамен 2 есеге, күн электр станцияларына – 2,5 есеге дейін.
Инвесторлар үшін өңірдегі ең тартымды шарттар жасалған: 20 жылға дейінгі электр энергиясын сатып алу келісімшарттары, тарифтерді индекстеу, сондай-ақ инвестициялық преференциялар қарастырылған. Бұл саясаттың стратегиялық мақсаты — экологияны жақсарту ғана емес, сонымен бірге елдің энергетикалық тәуелсіздігін күшейту, заманауи технологияларды енгізу және жоғары білікті жаңа жұмыс орындарын құру.
Басты жетістіктер мен жақын болашақтағы жоспарлар:
Үкіметтің басты мақсаты — елдің энергетикалық теңгеріміндегі ЖЭК үлесін 15%-ға дейін арттыру. Осы мақсатта 2030 жылға дейін жалпы қуаты 2258 МВт болатын 91 жаңа жобаны іске қосу көзделуде. Сол арқылы ЖЭК-тің орнатылған жалпы қуаты 10 ГВт-қа жетеді.
Энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін жобаларға ерекше көңіл бөлінуде. Гидроэнергетиканы дамыту жоспары бекітіліп, энергияны тиімді жинауға және сақтауға мүмкіндік беретін гидроаккумуляциялық электр станцияларын (ГАЭС) салу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі — ұлттық деңгейдегі басты басымдықтардың бірі. Бұл тұрақты даму, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және алдыңғы қатарлы әлемдік технологияларды тарту жолындағы сенімді қадам.