Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі 2025 жылғы 15 желтоқсанда Энергетика министрі міндетін атқарушсыының 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 161 бұйрығымен бекітілген Генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларының 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес генерациялаудың маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға кезекті аукциондық сауда-саттықтар өткізілетіні туралы хабарлайды.
Аукциондық сауда-саттық – аукцион негізінде электрондық жүйеде аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушы ұйымдастыратын және өткізетін, жобаларды іріктеуге және электр қуатының әзірлігін қолдау жөніндегі қызметке олардың жеке тарифтерін айқындауға бағытталған процесс.
Бұған дейін, 2025 жылғы 31 наурызда генерация секторында елуге жуық стратегиялық жобаны іске асыруды көздейтін 2035 жылға дейінгі электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жаңартылған жоспары қабылданған болатын.
Бекітілген жоспарды іске асыру шеңберінде ағымдағы жылдың желтоқсанында Астана және Шымкент қалаларында әрқайсысының қуаты 500 МВт болатын жобалар бойынша инвесторларды іріктеу жүзеге асырылатын болады.
Өткен үш жыл ішінде аукциондық сауда-саттық тетігі өзін неғұрлым тиімді және білікті инвесторларды тартуда ашық құрал ретінде көрсетті.
Бүгінгі таңда бес аукционның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің барлық үш аймағында газ генерациясының сегіз жобасын іске асыру жүзеге асырылуда, жобалардың жиынтық қуаты 2 500 МВт-тан асады.
Мемлекет тарапынан жеңімпаздар үшін салынған инвестицияларды электр қуаты нарығы арқылы қайтаруға, сондай-ақ Бірыңғай сатып алушының электр энергиясының жоспарлы көлемін сатып алуына кепілдік беріледі.
Аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 161 бұйрығымен бекітілген, Генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларында айқындалады https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2100022727.
Алдағы аукциондық сауда саттықтардың егжей тегжейімен танысу мақсатында 2025 жылға арналған сауда саттықты өткізу графигін мына сілтеме бойынша зерделеу қажеттігі туралы хабарлаймыз: https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/documents/details/856791?lang=kk.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі әлеуетті инвесторларды, энергетикалық жабдық өндірушілерді, қаржы институттарын және басқа да мүдделі тараптарды қатысуға шақырады.
Әдістемелік қолдау алу үшін Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне жүгінуге болады.