Жұмыс сапары аясында NCOC (North Caspian Operating Company) компаниясының басшылығымен бірге Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Қарағанды облысы әкімдігінің және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарының қатысуымен делегация Қарағанды облысындағы бірқатар өндірістік нысандарды аралап, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарымен танысып, Солтүстік Каспий жобасына қатысу әлеуетін бағалады.
Сапар барысында делегация келесі кәсіпорындарға барды:
«Мэйкер» ЖШС – Қарағанды құйма-машина жасау зауыты;
«Казфиттингпласт» ЖШС – құбыр қосылғыш бөлшектерін өндіру зауыты;
«Бёмер Арматура» ЖШС – (шарлы крандар мен жапқыш арматура өндіру);
«Изоплюс Орталық Азия» ЖШС – (оқшауланған құбыр жүйелері);
«Seven Refractories Asia» ЖШС – (отқа төзімді материалдар өндірісі).
Маңызды іс-шаралардың бірі – өңірлік тауар өндірушілер өнімдерінің көрмесі мен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшылығы, министрлік өкілдері, ҚР Мәжіліс депутаттары және өңірдің ірі кәсіпорындары қатысқан дөңгелек үстел болды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Қарағанды облысы әкімдігі мен NCOC арасындағы өзара ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған меморандумға қол қойылды.
NCOC тарапынан отандық жеткізушілермен әріптестікті кеңейтуге және жергіліктендіру саясаты аясында қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға қызығушылық білдірілді.
Бұл сапар мемлекет, бизнес және жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және ұлттық өнеркәсіптік әлеуетті дамыту жолындағы келесі маңызды қадам болды.