ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Ақтөбе облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Ақтөбе облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

Ақтөбе, 2025 жылғы 5 маусым – ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Кездесу барысында ол өңірдің отын-энергетика кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан негізгі жұмыстар туралы ақпарат берді.

Вице-министрдің айтуынша, Ақтөбе облысы елімізде мұнай өндіру көлемі бойынша төртінші орында. 2025 жылдың алғашқы төрт айында өңірде 1,5 млн тонна мұнай өндірілді, бұл республикалық көлемнің шамамен 5,2%-ын құрайды. Кен орындарының басым бөлігі сарқылу кезеңінде болғандықтан, 2026 жылдан бастап олардың өмірлік циклін ұзарту үшін салықтық ынталандыру шаралары енгізіледі.

Өңірде көмірсутектер бойынша 66 жер қойнауын пайдалану шарты тіркелген, оның ішінде 34 – барлау, 32 – өндіру кезеңінде. 2024 жылғы аукциондар қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 732,7 млн теңге көлемінде қол қою бонусы түсті, ал геологиялық барлау жұмыстарына 19 млн АҚШ доллары инвестиция тартылды.

Ақтөбе облысында газдандыру деңгейі 95,6%-ды құрайды. 2024 жылы бірқатар елді мекендерге газ құбырлары тартылып, оның ішінде Ақтөбе қаласына үшінші магистралдық тармақ іске қосылды.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері де қозғалды. Биылғы көктемгі егіс науқанына Ақтөбе облысына 6,2 мың тонна дизель отыны жөнелтілді – бұл жоспардың 100%-ын құрайды. Сондай-ақ, өңірде жанар-жағармай мен сұйытылған газдың жеткілікті қоры қалыптасқан.

Энергетика саласында облыс бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 1,9 млрд кВт·сағатты құрап отыр, ал тұтыну көлемі – 3,1 млрд кВт·сағат. Электр желілерінің тозу деңгейі 81,5%-ға жеткен. Баламалы энергетиканы дамыту жалғасуда – 2027 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 437,5 МВт болатын 5 жоба іске асырылмақ.

«Энергетика саласының орнықты дамуын қамтамасыз ету мен сенімді инфрақұрылымды қалыптастыру – ортақ міндет. Министрлік өңірлермен бірлесе отырып, жүйелі жұмысын жалғастырады», – деп атап өтті вице-министр Құдайберген Арымбек.

Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында вице-министр бірқатар салалық кеңестер өткізді. «Kazakhoil Aktobe» компаниясының ғимаратында барлау келісімшарттарының орындалу барысы қаралды. Кездесу барысында ұңғымаларды қабылдау, жобалық шешімдердің орындалуы, ДЗБВ және жер қойнауын пайдаланушылардың алдағы жоспарлары талқыланды.

Бұдан бөлек, Құдайберген Арымбек «СНПС-Актобемунайгаз» АҚ өкілдерінің Кенқияқ кен орнын игеру барысы туралы есебін тыңдады. Кеңесте өндірістік міндеттер мен жобаның даму перспективалары қарастырылды.