АСТАНА, 2 маусым 2025 ж. Нигерия Қазақстанның мұнай-газ саласындағы тәжірибесіне, технологияларына және инжинирингтік қызметтерін үйренуге мүдделі. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Нигерияның Ифе халқының королі, Ұлы мәртебелі Огунвуси Адейейенің кездесуі барысында белгілі болды.
Нигерия өкілдері мұнай мен газды тасымалдау саласында заманауи қазақстандық әдістерді (құрлықта да, теңізде де) зерделеу, сондай-ақ өз мамандарын елімізде оқытуға мүдделі екенін ерекше атап өтті.
«Біз мұнай газ саласындағы тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Қазақстандық компаниялар мұнай-газ сервисінде қажетті құзыреттерге ие. Сонымен бірге біз оларды бірлескен энергетикалық жобаларға қатысуға жағдай жасаймыз. Мұндай ынтымақтастық отандық сервис секторының дамуына және компанияларымыздың сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік береді», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ еліміздің ірі кен орындарын игеру, күрделі көлік инфрақұрылымын салу, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықты дамыту салаларында жинақталған мол тәжірибесі осындай халықаралық серіктестікке негіз болып отыр.
Басқосу барысында Қазақстан энергетикалық инфрақұрылымы дамыған және үздік сараптамалық тәжірибесі бар мемлекет ретінде орнықты дамып келе жатқаны да сөз болды.
Кездесуде тараптар бірлескен жобаны арнайы мамандар жан-жақты зерделеп, екіжақты байланыс орнататынын айтты.