ҚР Энергетика министрі Е.Қ. Ақкенженов IRENA басшысымен ЖЭК саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

ҚР Энергетика министрі Е.Қ. Ақкенженов IRENA басшысымен ЖЭК саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Астана, 2025 жылғы 30 мамыр. Астанадағы Халықаралық форум аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігінің (IRENA) Бас директоры Франческо Ла Камера мырза арасында кездесу өтті.

Кездесу барысында энергетикалық көшу жөніндегі жаһандық күн тәртібі аясындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері талқыланды. Тараптар жаңартылатын энергетиканы дамыту, экономиканы декарбонизациялау және технологиялық әріптестікті нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Министр Е. Ақкенженов Қазақстанның күн, жел және су энергетикасы саласында елеулі әлеуетке ие бола отырып, 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты энергетика секторына инвестициялар тартуға, озық технологияларды енгізуге және кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше назар аударылуда.

Франческо Ла Камера мырза Қазақстанның тұрақты энергетика саласындағы белсенді ұстанымын атап өтіп, IRENA тарапынан талдамалық, техникалық және консультациялық көмек, оның ішінде «жасыл» қаржыландыру, қолайлы нормативтік орта құру және энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыру мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.