АСТАНА, Қазақстан – 2025 жылғы 30 мамыр – Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Солтүстік Македония Республикасының Энергетика, тау-кен өнеркәсібі және пайдалы қазбалар министрі Саня Божиновска ханыммен келіссөздер өткізді.
Кездесуде басты тақырып екі ел арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту, атап айтқанда жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелері болды.
Ерлан Ақкенженов Қазақстанның «жасыл» энергетика секторын белсенді түрде дамытып жатқанын атап өтіп, македониялық серіктестерді аталған саладағы бірлескен жобаларға қатысуға шақырды.
«Қазақстан ЖЭК секторын ашық әрі айқын аукциондық тетіктер арқылы дамытып жатыр. 2027 жылға дейін жалпы қуаты 4,6 ГВт болатын жобаларды аукционға шығару жоспарланған. Біз инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау, мұнай ресурстарын басқару және саланы цифрландыру бойынша жинақтаған тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Македондық компанияларды ЖЭК бойынша аукциондарға және энергетикалық жобаларға белсенді қатысу мүмкіндіктерін қарастыруға шақырамыз», – деді ҚР Энергетика министрі.
Кездесу барысында қазақстандық тарап ЖЭК жобаларын мемлекеттік қолдау шаралары, атап айтқанда, 20 жылға кепілдендірілген электр энергиясын сатып алу және 2018 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан аукциондық жүйе туралы мәлімет берді. Бұл тетік бәсекелестікті қамтамасыз етіп, озық технологияларды тартуға мүмкіндік беріп келеді.
Қазақстанның халықаралық деңгейде танылған аукциондық сауда механизмі арқылы ЖЭК жобаларын сәтті жүзеге асыру тәжірибесін ескере отырып және қол жеткізілген нәтижелерге баға бере отырып, Саня Божиновска ханым Қазақстанның жаңартылатын энергетика саласындағы тәжірибесін зерттеуге қызығушылық білдірді. Ол әсіресе заңнамалық бастамаларға, аукциондық рәсімдерге және инвесторларды қолдау механизмдеріне ерекше қызығушылық танытты. Тараптар македондық делегацияның Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мүмкіндігін, ЖЭК саласындағы үздік тәжірибемен танысу мақсатында қарастырды.
Кездесу барысында тараптар энергетикалық ресурстарды басқару және саланы цифрландыру бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ инновациялық тәсілдерді енгізуге және энергетикалық жүйелердің тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Қазақстан Балқан елдерімен тұрақты энергетикалық байланыстар орнатуға және екіжақты ынтымақтастық форматын кеңейтуге дайын екенін растады.
Сонымен қатар, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның екіжақты бастамаларды ілгерілету мен өзара іс-қимылды тереңдетудегі маңызды алаң ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді.
Келіссөздерге Қазақстан Республикасының Солтүстік Македониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сатыбалды Бұршақовтың қатысуы Қазақстан тарапынан екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға деген шынайы ниеттің дәлелі болды.