ҚР Энергетика вице-министрі Б. Ілияс БҰҰ ЕЭК Тұрақты энергетика департаментінің директоры Дарио Лигути мырзамен кездесу өткізді

ҚР Энергетика вице-министрі Б. Ілияс БҰҰ ЕЭК Тұрақты энергетика департаментінің директоры Дарио Лигути мырзамен кездесу өткізді

2025 жылғы 29 мамырда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде Энергетика вице-министрі Бақытжан Ильяс пен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) Тұрақты энергетика департаментінің директоры Дарио Лигути мырзаның кездесуі өтті. Дарио Лигути Қазақстанға Астана халықаралық форумына қатысу үшін келген болатын.

Кездесу барысында тараптар тұрақты және төмен көміртекті энергетика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу бойынша мақсаттарын іске асыруды талқылады.

Бақытжан Ілияс Қазақстан табиғи және энергетикалық ресурстарға бай ел ретінде энергия көздерін әртараптандыру және көміртегі ізін азайту бағытында белсенді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Париж келісімі аясындағы міндеттемелерге сәйкес, еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Осы мақсатта 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесін ұлттық энергия теңгерімінде 15%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу жоспарланған. 2024 жылдың өзінде ЖЭК үлесі 6%-дан асты.

Кездесуде тараптар сондай-ақ ЖЭК-тен өндірілген электр энергиясын кепілдендірілген сатып алу, салықтық ынталандырулар және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру сияқты «жасыл» жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктерін дамыту мәселелерін талқылады.

Инвестициялар тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Вице-министрдің айтуынша, COP-29 конференциясы аясында Біріккен Араб Әмірліктері (MASDAR) және Қытай Халық Республикасымен инвестициялық келісімдерге қол қойылды. ЖЭК жобаларына жоспарланған жалпы инвестиция көлемі шамамен 3,7 млрд АҚШ долларын құрайды.

Сонымен қатар тараптар технологиялар трансферті, кадрларды даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстан бұл бағыттарда, соның ішінде кадрларды даярлау мен бірлескен білім беру бағдарламалары шеңберінде БҰҰ ЕЭК-пен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.

Кездесу соңында тараптар энергетика саласындағы тұрақты дамуға бағытталған әріптестікті одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.