Астана, 2025 жылғы 28 мамыр – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың Финляндия Республикасы Парламентінің депутаты, Қазақстанмен достық тобының жетекшісі Вилле Скиннаримен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар электр энергетикасы саласындағы, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытудағы, сондай-ақ декарбонизацияға қатысты ұлттық және халықаралық бастамаларды іске асырудағы қазақстан-фин әріптестігінің кеңею перспективаларын талқылады.
Ә.Ж. Жамауов Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ұмтылысын атап өтіп, энергетика секторында жүргізіліп жатқан кешенді реформаларға назар аударды. Бұл реформалар жаңартылатын энергия үлесін арттыруға, электр желісі инфрақұрылымын жаңғыртуға және көміртек ізін азайтуға бағытталған. Осы орайда фин тарапы тұрақты энергетиканы дамытуға бағытталған инвестициялық және технологиялық жобаларға белсенді қатысуға шақырылды.
Өз кезегінде Вилле Скиннари Финляндияның «жасыл» технологиялар, зияткерлік энергетикалық жүйелер мен энергия тиімділігі салаларындағы тәжірибемен бөлісуге дайын екенін атап өтті. Ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдіріп, климаттық мақсаттарға қол жеткізу үшін ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Тараптар энергетика саласындағы диалог пен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ халықаралық платформалар аясында ортақ бастамаларды ілгерілетуге өзара мүдделілік білдірді.