Павлодар қаласында жоғары технологиялы сутегі өндіру зауытын салу үшін 44,3 млрд теңге көлемінде инвестициялық келісімге қол қойылды.
Инвестор — 2016 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен өнеркәсіптік және медициналық газдар саласындағы әлемдік көшбасшы француздық Air Liquide компаниясының бірлесіп құрған «Эр Ликид Мунай Тех Газы» компаниясы.
Жоба жылына 12 500 нм³/сағ қуаттылықтағы қондырғы құрылысын қарастырады, оны 2026 жылдың қазан айында іске қосу жоспарланған.
Өндірістік процесс әлемдік тәжірибеде ең тиімді әдістердің бірі болып саналатын бу-парлы метан конверсиясы бойынша патенттелген технологияға негізделетін болады.
Жобаның басты жаңалығы — Павлодар өңірінің табиғи газға қолжетімділігі шектеулі жағдайларын ескеріп арнайы әзірленген бутан-бутилен фракциясынан сутегі өндірудің бірегей технологиясын қолдану болмақ. Бұл инновациялық әдіс Франкфурттегі Air Liquide инженерлік орталығында әзірленіп, әлемде алғаш рет жүзеге асырылады.
Жоба Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие. Өндірістің іске қосылуы қысқы дизель отыны импортының көлемін айтарлықтай азайтуға немесе толықтай алмастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл көлем жылына 200 000 тоннаға дейін жетеді.
Келісім жобасында кадрларды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылған. Жобалау, құрылыс және іске қосу кезеңдерінде инвестор қазақстандық кадрлардың үлесін кемінде 80% деңгейінде қамтамасыз етеді. 192 уақытша және 25 тұрақты жұмыс орны ашылып, қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен техникалық құзыреттерін дамыту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, «Эр Ликид Мунай Тех Газы» ЖШС тоғыз жылдан бері Қазақстанда өнеркәсіптік газдар индустриясын белсенді дамытып келеді. Air Liquide компаниясының елге салған жалпы инвестиция көлемі 120 млн еуродан асады.