Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бүгінгі таңда еліміздің мұнай өңдеу саласы үш ірі көлемді және технологиялық мұнай өңдеу зауыттарымен ұсынылғанын хабарлайды:
- Атырау МӨЗ – жылына 5,5 млн тонна өңдеу қуаты;
- Павлодар МХЗ – жылына 5,5 млн тонна;
- Шымкент МӨЗ – жылына 6 млн тонна.
Бұған қоса, Ақтау қаласында жылына 1,5 млн тоннаға дейін Қаражанбас мұнайын өңдейтін «СП «CaspiBitum» ЖШС жұмыс істейді.
Осылайша, Қазақстанның жалпы мұнай өңдеу қуаты жылына 18,5 млн тоннаны құрап, ішкі нарықтың жанар-жағармайға деген ағымдағы сұранысын толығымен қамтуға мүмкіндік береді.
Ішкі нарықтың тұрақтануына байланысты, соңғы 5 жылда алғаш рет экологиялық К4 класты жоғары сапалы АИ-92 маркалы автобензиннің 40 мың тоннасына дейін экспортталды. Бұл автобензин Қазақстандағы МӨЗ-дерде өндірілген.
Сонымен қатар, Энергетика министрлігі еліміздің экономикасын одан әрі дамыту үшін қолданыстағы өңдеу қуаттарын ұлғайту және жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдейтін жаңа ірі мұнай өңдеу зауытын салу қажеттігін атап өтеді. Бұл 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасында қарастырылған.
Ұзақ мерзімді мақсаттар:
мұнай өңдеу көлемін 18,5 млн тоннадан 28,2 млн тоннаға дейін арттыру;
Шымкент МӨЗ – жылына 6-дан 12 млн тоннаға дейін кеңейту;
Павлодар МХЗ – жылына 5,5-дан 8 млн тоннаға дейін екі кезеңмен ұлғайту;
Атырау МӨЗ – жылына 0,7–1,2 млн тоннаға дейін мұнайды екінші реттік өңдеу қуатын немесе шикізат бойынша 5,5-тен 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайту.
Шымкент және Павлодар МӨЗ жобалары қазіргі заманғы отын-нефтехимия конфигурациясы мен өнім түрлерін кеңейту тұрғысынан қаралуда: К5+ деңгейіндегі мотор отындары және базалық нефтехимия өнімдері.