Қазақстанда мұнай сервистік компанияларға қойылатын талаптар оңтайландырылады.

Қазақстанда мұнай сервистік компанияларға қойылатын талаптар оңтайландырылады.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) ««Көмірсутектер саласындағы тау-кен өндірістерін (көмірсутектер),       мұнай-химия өндірістерін жобалауға (технологиялық) және (немесе) пайдалануға, магистральдық газ құбырларын, мұнай құбырларын, мұнай өнімдері құбырларын пайдалануға арналған лицензия» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 10 сәуірдегі № 139 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрі бұйрығының жобасын (бұдан әрі – Жоба) әзірледі деп, Министрліктің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жоба біліктілік талаптарындағы мәліметтер нысанын «Көмірсутектер саласындағы қызметтi жүзеге асыру үшін қойылатын біліктілік талаптары мен оларға сәйкестiкті растайтын құжаттар тiзбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 28 қазандағы № 77 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 2 қыркүйектегі № 291 бұйрығына (бұдан әрі – Бұйрық) сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.

Бұйрықпен бизнеске жүктемені азайту мақсатында кейбір талаптар алып тасталды. Сонымен, келесі кіші қызмет түрлеріне қойылатын талап алып тасталды:

1) мұнай, газ, мұнай-газ конденсатын өндіру – құбырлардың болуы туралы, өйткені негізгі инженерлік құрылыстар мен қондырғылардың болуы жеткілікті деп санаймыз;

2) көмірсутектер кен орындарындағы кәсіпшілік зерттеулер мен геофизикалық жұмыстар – екі және одан да көп ұңғымалық аспаптардың болуы туралы, өйткені практика осы кіші қызмет түрін орындау үшін бір аспаптан жеткілікті екенін көрсетті;

3) көмірсутектер кен орындарындағы ұңғымаларды цементтеу – цемент тасығыштың болуы туралы, себебі цемент көбінесе зауыт қаптамасында құрғақ түрінде әкелінеді;

4) мұнай қабаттарының мұнай беруін арттыру және ұңғымалардың өнімділігін ұлғайту – жұмыс сұйықтығын дайындау, айналымы және тазарту торабының болуын артық талап ретінде алып тастау.

Осыған байланысты, Жобада біліктілік талаптарындағы мәліметтер нысанын Бұйрыққа сәйкес келтіру ұсынылады.

Жоба 2020 жылғы 16 қыркүйекте сараптама қорытындыларын алу үшін ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында орналастырған (сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=4885637 Ашық үкімет®Ашық НҚА®Орталық мемлекеттік органдар®ҚР Энергетика министрлігі).

inbusiness.kz сайтынан сурет