Осыдан аз ғана уақыт бұрын Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастық ең алдымен мұнай мен газ салаларымен байланысты болатын. Қазір ынтымақтастықтың күн тәртібі айтарлықтай кеңейді. Оның аясында жел және күн электр станциялары, энергия жинақтау жүйелері, гидроаккумуляциялық станциялар, сутегі технологиялары және энергетика бірыңғай өндірістік тізбектің бір бөлігіне айналатын өнеркәсіптік кешендер пайда болды. Ынтымақтастықтың рөлі де өзгеруде: Қазақстанға инвестициялармен қатар технологиялар, жабдықтар және жаңа құзыреттер келуде.
Павлодар облысында қытайлық State Power Investment Corporation (SPIC) компаниясы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының жобасын іске асыруда. Жоба құрамында қуаты 300 МВт және энергия сыйымдылығы 600 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесі қарастырылған. Мұндай үйлесім жел энергиясын өндіруді оны жинақтаумен және кейіннен электр желісіне берумен байланыстыруға мүмкіндік береді.
China Energy Engineering Group компаниясы тағы екі ірі жобаны іске асыруда. Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясын, ал Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу көзделген.
Жаңартылатын энергия көздері арқылы өндірілетін электр энергиясының үлесі артқан сайын, энергожүйенің өндіріс пен тұтынуды теңгеру мүмкіндігі де маңызды бола түседі.
Осы ретте ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – гидроаккумуляциялық электр станциялары. Қазақстан қытайлық инвесторлармен бірлесіп Алматы облысында ГАЭС жобаларын пысықтауда. Мұндай станциялар сұраныс төмен кезеңдерде электр энергиясын жинақтап, кейін оны жүктеме жоғары болатын уақытта пайдалануға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қытайдың қатысуы дәстүрлі генерация саласына да таралуда. Ақтау қаласында China Huadian Corporation компаниясының қатысуымен қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасы іске асырылуда. Жоба өңірді қосымша қуатпен қамтамасыз етіп, Маңғыстау облысының энергиямен қамту сенімділігін арттыруға бағытталған.
Энергетикалық әріптестіктің тағы бір бөлігі – сутегі технологиялары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Қазақстан-Қытай сутегі технологиялары орталығы құрылды. Оның серіктестері – ҚазҰУ, Shanghai Jiao Tong University және Energy China International. Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізуге, технологияларды сынақтан өткізуге, пилоттық жобаларды іске қосуға, әзірлемелерді коммерцияландыруға және оларды Қазақстанның өнеркәсіптік жобаларына интеграциялауға уағдаласты.
Бұл жағдайда әңгіме энергетиканың айналасында технологиялық базаны қалыптастыру туралы болып отыр. Ғылыми зерттеулер, сынақтар және әзірлемелерді кейіннен өндіріске енгізу инвестициялық жобалармен қатар ынтымақтастықтың маңызды бөлігіне айналуда.
Нәтижесінде энергетикалық ынтымақтастықтың логикасы да өзгеруде. Біртұтас жүйеге электр энергиясын өндіру мен жинақтау, оны теңгерімдеу, өнеркәсіптік кооперация және жаңа технологияларды дамыту бағыттары біртіндеп бірігуде. Дәл осы өзара байланыс Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестіктің негізгі бағыттарының біріне айналып келеді.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ-да мемлекеттік органдардың бастамасымен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша кезекті дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Энергетика министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің Жер қойнауын пайдалануды дамыту басқармасының басшысы Бағлан Сембекова, ҚР ҰКП «Атамекен» Басқарма төрағасының орынбасары Мұратбек Маханов, Машина жасаушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Маканов, сондай-ақ «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС өкілдері қатысты.
QazaqGaz ұлттық компаниясының Сатып алу және қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директоры Алмас Ақыловтың хабарлауынша, биыл QazaqGaz компаниялар тобы шеңберінде ҚҚС-ты есептемегенде 3 млрд теңгеден астам сомаға офтейк-келісімшарттар жасалған. Жыл соңына дейін 4 млрд теңгеден астам сомаға қосымша келісімшарттар жасасу жоспарлануда.
QazaqGaz компаниялар тобының отандық тауар өндірушілердің қатысуымен жүзеге асырған сатып алуларының жалпы көлемі биыл 7,9 млрд теңгеден асып отыр. Бұл көрсеткіштер QazaqGaz-дың сатып алудағы отандық тауарлардың үлесін арттыру және офтейк-келісімшарттар жүйесін жетілдіру жөніндегі мемлекет басшылығының тапсырмаларын орындап отырғанын көрсетеді.
Дөңгелек үстел барысында «Интергаз Орталық Азия» АҚ мен «Zhaik Electric» ЖШС арасында дәнекерлеу агрегатын жеткізу бойынша, сондай-ақ «PRODCORE» ЖШС-мен газ айдау агрегатын автоматты басқару жүйесін жеткізу бойынша офтейк-келісімшарттарға қол қойылды.
Отандық өндірушілермен ынтымақтастықты дамыту мақсатында «Интергаз Орталық Азия» АҚ «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС, «Қазақстандық металл конструкциялар зауыты» ЖШС және «ТЭМПО – Қазақстан» ЖШС-мен газ қысымын реттегіштерді, тез ажыратылатын құрылғыларды және болат құбырларды жергіліктендіру бойынша меморандумдарға қол қойды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар QazaqGaz-дың отандық өндірушілердің газ саласын дамытуға қатысуын тұрақты түрде кеңейтіп, қолдап келе жатқанын атап өтті.
Омар Дәулетов - еңбек жолын мұнай тасымалына арнаған еңбек адамы. Ол 33 жылдан бері «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасы Апатты қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршысы болып, елдің мұнай тасымалы саласының тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді.
Желілік құбыршының жұмысы үлкен жауапкершілікті, мұқияттылықты, төзімділікті және кәсіби шеберлікті талап етеді. Құбыр желілерінің қалыпты жұмыс істеуі, ақаулардың алдын алу, құбыр ақауын жөндеуге қатысу, белгіленген талаптардың сақталуы - маманның күнделікті міндетінің бір бөлігі. Әр іс дәлдік пен тиянақтылықты қажет етеді.
Омар Дәулетов өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тапсырманы сапалы орындауды, әріптестеріне қолдау көрсетуді және еңбек қауіпсіздігін сақтауды басты қағида санайды. Жауапкершілік, еңбексүйгіштік, адалдық – оның кәсіби жолында қалыптасқан басты қасиеттер.
Осы жылдар ішінде ол талай ұзақ іссапарларды, жыл он екі ай далада түрлі өндірістік жұмыстарды бастан өткерді. Оның жинаған тәжірибесі жас мамандар үшін бүгінде үлкен мектепке айналды. Өз ісін жақсы білетін, тәжірибесін бөлісуге дайын аға буын өкілі ретінде әріптестерінің құрметіне бөленді.
Биыл Омар Дәулетовтің көп жылғы еңбегі жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Оның еңбек жолы – бір салада табандылықпен қызмет етудің, маңдай термен келген тәжірибенің және адал еңбектің жарқын үлгісі.
Энергетиктерімізді мақтан тұтамыз! Қазақстан құрамасы түркі мемлекеттері арасындағы электромонтерлердің халықаралық жарысында жеңімпаз атанды!
Қазақстан энергетиктерінің құрама командасын Анкара қаласында өткен «2026 жылғы электр тарату желілері бойынша үздік команда» халықаралық кәсіби шеберлік байқауындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!
Ауқымды додаға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия, Түрікменстан және Қазақстанның ең мықты мамандары қатысты. Бәсекесі жоғары тартыста біздің энергетиктер отандық кәсіби мектептің жоғары деңгейін дәлелдеп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Ел намысын Энергетика министрлігі «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің (Шымкент қаласы, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» тобы) және «Энергосистема» ЖШС-нің (Ақтөбе облысы) үздік мамандары арасынан жасақтаған құрама команда қорғады. Тәжірибе, командалық үйлесім мен жоғары тәртіпті ұштастырған бұл бірлік елімізге басты жүлдені әкелді.
Бұл нәтижені динамикада бағалаудың маңызы ерекше: өткен жылы командамыз үшінші орын алған болатын. Жігіттеріміз кеткен қателіктермен сапалы жұмыс жүргізіп, бүгінгі таңда сөзсіз көш бастады. Түркиядағы TEDAŞ-тың күрделі жаттығу полигонында қазақстандық мамандар электр қондырғыларындағы қауіпті жұмыстарды орындау кезінде жоғары шеберлікті, шапшаңдықты және қауіпсіздік талаптарын мінсіз сақтайтынын көрсетті.
2027 жылы осы беделді салалық турнирді өткізу эстафетасын Қазақстан қабылдайды. Түркі әлемінің энергетиктерін өз жерімізде – рухани астанамыз Түркістан қаласында зор мақтанышпен қарсы аламыз.
«Оңтүстік Жарық Транзит» және «Энергосистема» кәсіпорындарының құрама командасының әрбір мүшесіне, тәлімгерлеріне және басшылығына жарқын жеңісі әрі Қазақстан энергетикасының халықаралық аренадағы жоғары беделін асқақтатқаны үшін шынайы алғысымды білдіремін!
Сіздерге зор денсаулық, апатсыз жұмыс және жаңа кәсіби биіктер тілеймін!
Ерлан Ақкенженов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі
21–23 қыркүйекте Анкарада «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің 2026 жылғы электр энергиясын тарату желісіндегі үздік командасы» халықаралық байқауы өтті. Жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің энергетика саласының өкілдері қатысты.
Сайысқа Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Венгрия және Түрікменстанның энергетика саласының өкілдері қатысты.
Қазақстан атынан Энергетика министрлігі жасақтаған құрама команда қатысты. Оның құрамына «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» компаниялар тобына кіретін Шымкент қаласындағы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС және Ақтөбе облысындағы «Энергосистема» ЖШС мамандары енді.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болып, кәсіби даярлықтың, практикалық дағдылардың және командалық жұмыстың жоғары деңгейін көрсетті.
Сонымен қатар қазақстандық команда «Ең табысты команда» арнайы номинациясымен марапатталды.
Сайыс TEDAŞ оқу базасында өтіп, электр қондырғыларымен жұмыс істеу бойынша кәсіби дағдыларды, сондай-ақ қауіпсіздік және тарату желілерін пайдалану талаптарын практикалық тұрғыда көрсетуге бағытталды.
Байқау барысында қатысушылар тарату трансформаторының ақаулы жоғары кернеулі сақтандырғышын ауыстыру бойынша практикалық тапсырманы орындады. Тапсырма төмен және орта кернеу жағдайында операцияларды ретімен орындауды, жергілікті жерге қосуды, сақтандырғышты ауыстыруды және қауіпсіздік талаптарын сақтауды қамтыды.
Қатысушылардың жұмысын халықаралық төрешілер алқасы бағалады. Нәтижелерді анықтау кезінде операциялардың дұрыс орындалуы, еңбекті қорғау талаптарының сақталуы, тапсырманы орындау уақыты, сондай-ақ тиімді әрі заманауи техникалық шешімдерді қолдану ескерілді.
Қазақстанның халықаралық жарысқа қатысуы Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің энергетика саласы мамандары арасында кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, қазақстандық электр монтерлерінің кәсіби деңгейін халықаралық аренада танытты.
2026 жылғы 21–23 қыркүйек аралығында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасын бірлесіп іске асыру туралы Үкіметаралық келісім жобасы бойынша үшжақты келіссөздердің үшінші раунды өтті.
Келіссөздерге үш елдің бейінді мемлекеттік органдарының, оның ішінде энергетика, су ресурстары, сыртқы істер министрліктерінің, сондай-ақ басқа да мүдделі ведомстволар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясын Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров басқарды. Келіссөздерге сондай-ақ Энергетикалық қадағалау және бақылау мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Жалғас Шөгелбаев қатысты.
Келіссөздерге бақылаушы ретінде Үкіметаралық келісім жобасын әзірлеу барысында тараптарға техникалық қолдау көрсетіп отырған Дүниежүзілік банктің өкілдері қатысты.
Үшінші раунд аясында тараптар келісім жобасының негізгі ережелерін, оның ішінде жобаны бірлесіп іске асыру және басқару тетіктерін, қаржыландыру және міндеттемелерді бөлу мәселелерін, сондай-ақ үш мемлекеттің одан әрі іс-қимылдарын үйлестіру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар келісім жобасының жекелеген келісілмеген ережелерін пысықтауда қол жеткізілген ілгерілеуді атап өтіп, қалған мәселелерді өзара құрмет, әр тараптың мүдделерін ескеру және өзара қолайлы шешімдер әзірлеуге ұмтылу қағидаттары негізінде келісуді жалғастыру туралы уағдаласты.
Қазақстан үшін Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасына қатысу су ресурстары мен энергетика салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту, Орталық Азияның энергетикалық жүйелерінің тұрақтылығын арттыру, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын тиімді әрі өзара тиімді пайдалану тетіктерін дамыту тұрғысынан маңызды мәнге ие.
Үкіметаралық келісім жобасы бойынша келіссөздердің бірінші раунды 2026 жылғы 31 наурыз – 2 сәуір аралығында Бішкек қаласында, екінші раунды 28–30 сәуір аралығында Ташкент қаласында өтті. Үшінші раундтың Алматы қаласында өткізілуі Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жобаны бірлесіп іске асырудың негізгі шарттарын келісу бойынша дәйекті жұмысының кезекті кезеңі болды.
Энергетика министрлігі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі кезекті электрондық аукцион өткізілетінін хабарлады. Аукцион 25 желтоқсанда e-Qazyna электрондық алаңында өтеді. Қатысуға өтінімдер 18 қарашаға дейін қабылданады.
Аукциондарды өткізу Мемлекет басшысының жер қойнауы учаскелерін тиімді пайдалануды арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жүргізілуде. Бұл геологиялық барлауға инвестициялар тартуға және мұнай-газ саласын одан әрі дамытуға жағдай жасайды.
Алдағы желтоқсан аукционына 112 учаскенің 56-сы шығарылады. Олар Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай және Қызылорда облыстарында орналасқан.
Учаскелер бойынша барлау және өндіру құқығын, сондай-ақ тікелей көмірсутектерді өндіру құқығын беру көзделген. Тізімге Бегімбет 1, Батыс Ұлытау, Шолақсай, Басқұмақ, Қарасу, Жасқайрат, Үстірт учаскелері, Қосарал, Майлыкөл, Қарақамыс, Қаракөл және басқа да учаскелер кіреді.
Бұл ретте жер қойнауын пайдалану құқығын алу айтарлықтай инвестициялық міндеттемелерді көздейді. Әр учаске бойынша геологиялық барлау жұмыстарының, оның ішінде сейсмикалық барлау мен ұңғымаларды бұрғылаудың ең төменгі көлемдері белгіленген.
Аукцион жеңімпаздары шарт жасалған күннен бастап бір жыл ішінде барлау жұмыстарының жобасын әзірлеуге, үш жыл ішінде 2Д сейсмикалық барлау бойынша белгіленген талаптарды орындауға және төрт жыл ішінде, егер нақты учаскенің шарттарында көзделсе, кемінде бір ұңғыманы бұрғылау бойынша ең төменгі талаптарды орындауға тиіс.
Адами капиталды, ғылымды және өңірлік инфрақұрылымды дамыту бойынша да талаптар белгіленген. Өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдаланушы өткен жылғы өндіру шығындарының 1%-ын қазақстандық кадрларды оқытуға және тағы 1%-ын Қазақстандағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағыттауға тиіс. Бұдан бөлек, шарт бойынша инвестициялардың 1%-ы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын дамытуға көзделеді.
Сондай-ақ жергілікті қамту бойынша талаптар белгіленген: жұмыстарда – кемінде 70%, қызметтерде – 70%, тауарларда – 30%. Қазақстандық кадрлардың үлесі басшылар мен олардың орынбасарлары арасында кемінде 80%, құрылымдық бөлімшелер басшылары арасында 90%, ал мамандар мен білікті жұмысшылар арасында 100% болуы тиіс.
Ірі кен орындары үшін қосымша талаптар көзделген. Егер бастапқы геологиялық қорлардың көлемі 100 млн тоннадан астам мұнайды немесе 50 млрд текше метрден астам табиғи газды құраса, шартта өңдеу өндірістерін құру немесе жаңғырту, өндірілген көмірсутектерді Қазақстанда өңдеуге жеткізу не өзге де инвестициялық немесе әлеуметтік-экономикалық жобаны іске асыру жөніндегі міндеттемелердің бірі көзделуге тиіс.
Осылайша, желтоқсандағы 56 учаскеден тұратын аукционды ескере отырып, Қазақстан жыл соңына дейін көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін барлығы 112 жер қойнауы учаскесін аукционға шығарады. Бұл учаскелер бойынша геологиялық барлау, бұрғылау, инвестиция салу, қазақстандық кадрларды даярлау, ғылымды дамыту, жергілікті инфрақұрылымды дамыту және жергілікті қамтуды арттыру жөніндегі міндеттемелер көзделген.
Астанада Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаровтың Ұлыбритания Премьер-министрінің Орталық Азия бойынша сауда өкілі Томас Алдердайспен кездесуі өтті.
Тараптар энергетика саласындағы Қазақстан-Британ ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын, оның ішінде британдық бизнеспен өзара іс-қимылды кеңейту, инвестициялар тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Жаңартылатын энергия көздері, оның ішінде гидроэнергетика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ жасыл сутегі және таза энергетиканың басқа да бағыттарындағы жобаларды дамытуға ерекше назар аударылды.
Вице-министр энергетикалық жобаларды іске асыру үшін британдық тәжірибені, технологиялық сараптаманы және инвестицияларды тартуға Қазақстанның қызығушылығын атап өтті. Сонымен қатар тараптар заманауи технологиялар, қаржыландыру және энергетикалық жүйелердің өзара байланысын дамыту бағыттарындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Бұдан бөлек, энергетикалық жүйелердің өзара байланысы саласындағы әлеуетті арттыру жөніндегі семинарды өткізуге дайындық барысы талқыланды. Семинарды қараша айында өткізу жоспарланған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға, британдық бизнестің қатысуын кеңейтуге және энергетика саласында өзара тиімді инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделілігін растады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ержан Ерболұлы Ертаев Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің Баспасөз қызметі хабарлайды.
1985 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Инновациялық Еуразия университетін, Анхальт қолданбалы ғылымдар университетін бітірген. Еңбек жолын 2009 жылы жеке құрылымда электр механигі болып бастаған.
2009–2013 жылдары — Павлодар облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының Энергетика бөлімінің жетекші маманы, бас маманы.
2013–2014 жылдары — ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті басқармасының бас сарапшысы, басшысы.
2015–2018 жылдары — ҚР Энергетика министрлігінің Ақмола, Қарағанды облыстары бойынша аумақтық департаменттерінің басшысы.
2018–2020 жылдары — ҚР Энергетика министрлігі комитеті төрағасының орынбасары.
2020–2021 жылдары — Павлодар облысы Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы.
2021–2022 жылдары — «Самұрық-энерго» басқарма төрағасы аппаратының басшысы.
2022–2023 жылдары — «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС бас директоры.
2023–2024 жылдары — ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары.
2024 жылғы шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Қайрат Бекмағанбетовтің жұмыс күні елорда әдеттегі ырғағына енбестен әлдеқайда бұрын басталады.
Қайрат Кенесұлы – «Астана – Аймақтық Электржелілік Компаниясы» АҚ жедел-көшпелі қызметі учаскесінің аға шебері. Оның жұмысына бригаданың үйлесімді әрекеті, ақауларды жедел жою және түптеп келгенде, тұтынушыларды электр энергиясымен үздіксіз әрі сенімді қамтамасыз ету байланысты.
Жедел шығу қызметін электр желілерінің «жедел жәрдеміне» теңеуге болады. Шақырту түскен кезде мамандар жағдайды жылдам бағалап, ақаудың себебін анықтап, электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін қажетті шараларды қабылдауы тиіс.
Бұл жұмыс тек кәсіби білімді ғана емес, жоғары зейін мен жинақылықты талап етеді. Жедел шығу қызметінің жауапкершілік аймағына 0,4–6–10–20 кВ кернеулі кабельдік және әуе желілері, комплектілі және трансформаторлық қосалқы станциялар, тарату пункттері, сондай-ақ 110 кВ кернеулі 15 қосалқы станция кіреді.
Қайрат Кенесұлының «Астана – Аймақтық Электржелілік Компаниясында» еңбек жолы 1984 жылы электромонтер қызметінен басталған. Осы жылдар ішінде ол аға шеберге дейінгі жолдан өтіп, мол кәсіби тәжірибе жинақтады және елорданың электр желілерін терең меңгерді.
Заманауи технологиялар көптеген процестерді қашықтан бақылауға мүмкіндік бергенімен, жедел шығу қызметінің мамандары әлі де таптырмас күш болып қала береді. Жұмыстардың едәуір бөлігі, соның ішінде көптеген ауыстырып-қосу операциялары, мамандардың нысанға тікелей баруын талап етеді.
Қайрат Кенесұлы үшін қауіпсіздік – жай ғана талап емес, күнделікті ұстаным. Әрбір ұсақ-түйекке мұқият болу, тәртіп пен жауапкершілік оның кәсібінің ажырамас бөлігіне айналған.
Адал азамат – өз ісін жауапкершілікпен атқаратын, әріптестері үшін сенімді тірек бола алатын және еңбегінің басқа адамдар үшін қаншалықты маңызды екенін түсінетін адам. Осындай мамандардан жауапкершілік энергиясы қалыптасады. Бұл – елорданың электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін күн сайын қамтамасыз етіп жүрген жандардың энергиясы.