«Банкроттық рәсіміне Алматы облысында ең көп өтініш берілді – 23 мың, бұл республика бойынша барлық өтініштің 11,8%-н құрайды. Ұлытау облысында ең аз өтініш берілген – 2 мыңға жуық немесе 1%. Банкроттардың орташа жасы – 44. Жасы ең үлкен азамат – 1943 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны, оның берешек сомасы – 370 мың теңге. Ең жас банкрот – 2005 жылы туған Астана қаласының тұрғыны, қарызы – 856 мың теңге», – деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сеилжан Ахметов. 

Спикердің айтуынша, ер азаматтар банкроттыққа жиі жүгінеді, олар барлық өтініш берушілердің 52%-н құрайды. Берешегі ең көп банкрот Астана қаласының тұрғыны болды. Қарыз сомасы 2,1 млрд теңгені құрайды. Берешегі ең аз банкрот – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Оның қарызы 200 мың теңгені құрайды. 1 мыңнан астам банкрот немесе барлық банкроттың 5%-ы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ал 10 мыңға жуығы немесе 44%-ының 5 жылдан астам уақыт бойы төленбеген қарыздары болған.