«Дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған киіз басу өнері»

«Дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған киіз басу өнері»

"Assylmura" шеберханасының жетекшісі, ЮНЕСКО-ның халықаралық сапа белгісінің және Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің (WCC) сапа белгісінің екі рет иегері, Этно-дизайнер, киіз шебері Қаратұрық ауылдық округі Тауқаратұрық ауылының тумасы Ұлбосын Бақтығалиқызы Дәуленова өз ауылының қыз-келіншектеріне С.Аманжолов орта мектебі ұжымының шақыруымен «Дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған киіз басу өнері» тақырыбында киіз басу технологиясынан 2 күндік тренинг өткізді.
Ұлбосын Дәуленова киіз жасаудан көп тәжірибесінің арқасында халық қолөнерін жандандыру мақсатында Қазақстан, Германияда, Ресей Феберациясында, АҚШ, Англия және Австриядан ұйымдастырылған киіз шеберлерінің көрмесіне қатысқан. Тауқаратұрық ауылында киізден жасалған бұйымдарды жасау технологиясына қызығушылық танытқан 20 дан астам қыз-келіншектерге және мектеп оқушыларына киіз басудың қызықты процесін үйретті.
Екі күндік тренингте Ұлбосын Бақтығалиқызы көненің көзі, сырмақ пен текеметің, алаша мен түскиіздердің қолданылуын, қадір-қасиетін, әр ою-өрнектің тарихын, қазақ салт-дәстүріндегі орнын айта отырып, жүн талшықтарын бір-бірімен ұйыса байланыстыру, байпақ жасау, ақ киіздің бетіне «қошқар мүйіз», «гүл» сияқты ою түсіру техникасын көрсетті.
Тренингке қатысушылар өз қолдарымен байпақ жасап, киіз бетіне ою-өрнек ретінде салынатын боялған жүнді шүйкелеп отырып тартып, талдырманың үстіне салып, ыстық су шашып, әрі қарай киізше басу арқылы киіз текемет дайындауды үйренді.
Бүгінде осы бір баға жетпес құндылығымыздан алыстап бара жатқандаймыз. Өркендеуге бет бұрған өңірімізде киіз басу өнерін қайта жаңғыртып, болашақта кәсіп иелері осындай өндіріс орнын ашса, қолда барды ұқсатып, игерудің жолын іздестіріп, насихаттап, ұлттық өнерді өрге жетелесек екен.