Вейп деген не және қандай қауіпі бар?
Бүгінде электронды шылым жасөспірімдерді желіктіріп, түтінімен еліктіріп тұр. Вейп темекінің жарнамасы жарқырап, шылымның бұл түрі еркін сатылымда, балаға қолжетімді бағада. Сорақысы сол тәтті буға тәнті болған мектеп оқушылары мұны сәнге айналдыруда. Тіпті, кейбір темекі тұтынушылары бұл өнім адам денсаулығына зиянды емес деген болжам айтып, сәуегейлік танытып жүр. Өзгелер иісі сасық деп өкпе айтпайтын болғандықтан, сыртты былай қойғанда, оны ғимараттың ішінде, үйде шегетіндер көбейген. Бұл құтылы темекіні біреулер ермек үшін қолданса, өзгесі кәдімгі шылымды тастауға көмектеседі деген ойда. Дәрігер мамандардың пайымдауынша, электронды темекінің негізгі бөлігі ол – никотинді улы зат. Ол қанға өтіп, психологиялық тәуелділік туындатады. Адам оны шекпесе ашуланшақ болады. Жүрек-қан тамырларына әсер етеді. Жеткіншектерді хош иісімен елітіп тұрған Вейп өнімдердің де зияны ұшан теңіз екен. Құрылғының құрамында резина өндіруге арналған токсинді формальдегид атты химиялық заттар бар. Бұл қосылыстар адам ағзасына түскеннен кейін, бауырда жиналады. Ал, стиктердегі хош иістер шылым шеккеннің ғана емес, жанындағы адамдардың да ағзасында аллергия тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, өкпе мен бүйрекке зиян тигізеді. Ұзақ уақыт бұл құрылғыны пайдалану тіпті қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Құрамы белгісіз құнықтырғыш құтыдағы темекіге қатысты тыйым күшейсін деген қоғам белсенділері оны еркін саудаға шығармау керек деп шырылдап бағуда.
Бүгінде электронды темекілер бұл — Альп, Эйкос, Вейптар елімізге сертификатсыз кіргізіліп жатыр. Дәрігерлер, электронды темекі құрамында психобелсенді заттар, ауыр металдар бар екенін айтып ескертуде. Қазірде электронды темекілер мектеп оқушылары арасында аса танымал. Бұл темекіні дүкенде еркін сатып алуға немесе әлеуметік желі арқылы еш қиындықсыз тапсырыс беруге болады. Қысқасы, қаршадай ұл мен қызға қолжетімді.
Жалпы заңға жүгінсек, темекі өнімдері 21 жасқа толмағандарға сатылмауы тиіс. Осы ретте облысымыз бойынша жыл басынан 256 жеке кәсіпкер жалпы шылымды жасы толмағандарға саудалағаны үшін назарға ілікккен. Талап бойынша темекі саудалайтын тұлғалар сатып алушының жеке бас құжатын талап етіп қана сауда жүргізуге міндетті.
Бүгінде темекі өнімдерін дүкен сөрелерінде жауып сатуда. Алайда, электронды темекі өнімдерінің жарнамалары әлеуметтік желіде жүктеліп, сайтта сан түрі самсап тұр. Түтіні тәтті темекіге тым үйір келетіндердің көп бөлігі мектеп оқушылары екен. Никотинді тауардың түтініне түрлі жағымды иістер қосқандықтан жасөспірімдер ағзаға зияны жоқ деп есептейді. Алайда қарапайым темекінің өзі адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе, электронды шылымнан келер зиян шаш етектен,- дейді дәрігерлер.
Кәдімгі темекі — жану өнімдерінің қалдықтары. Ал, электрондық темекінің құрамында еріткіштер бар, бұл өте қауіпті. Олар өкпе мембранасына, өкпе жасушаларына әсер етеді. Сонымен қатар ғалымдар адамның жүрегі мен миына әсер ететінін анықтады. Онда глицерин қоспалары да бар. Олар өте қауіпті, өкпеде қан ұйығыштарын тудырады.