Құрметті Еңбекшіқазақ ауданының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер отбассыларының назарына!!!
Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) беріледі.
АӘК өмірдегі қиын жағдайдан шығару үшін отбасына кешенді қолдау көрсетуді көздейді.
Бұл 2 түрге жіктелген ақшалай төлем: шартсыз және шартты ақшалай көмек.
Еңбекке қабілетсіз азаматтары бар отбасыларға шартсыз ақшалай көмек көрсетіледі және олар үшін жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
Шартты ақшалай көмек отбасы құрамында кемінде бір еңбекке қабілетті мүшесі жұмысқа орналасқан отбасыларға беріледі.
АӘК тағайындаудың барлық кезеңіне отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Келісімшартты бұзу бүкіл отбасына АӘК төлеуді тоқтату және келесі алты айда АӘК тағайындаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
АӘК-тің басты мақсаты еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту, еңбекке ынталандыру арқылы кедейлік шеңберінен шығару болып табылады..
Кедейлік шегін анықтау кезінде медиандық кірісті енгізу АӘК мөлшерінің азаюына алып келмейтінің атап өту маңызды.
Осылайша, бұл тәсіл медиандық кірісті қолдануға көшуге, сондай-ақ көрсетілетін көмектің қолданыстағы көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ағымдағы жылғы 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Осы тапсырманы орындау үшін Әлеуметтік кодекске түзетулер әзірленді, олар Үкіметтің қарауына жіберілді.
АӘК тағайындау кезінде АӘК тағайындау қажеттілігін айқындау өлшемшарттарын мынадай өлшемшарттармен толықтыру ұсынылады:
тұрғын үй және (немесе) жеңіл автокөлік сатып алу;
отбасының әрбір мүшесіне айына бір ең төмен күнкөріс деңгейінен жоғары мөлшердегі ипотекалық қарызды қоспағанда, банктік қарыздарды және (немесе) микрокредиттерді ресімдеу;
жиынтығында отбасының әрбір мүшесіне айына кедейлік шегінен асатын адамның (отбасының) банктік шоттары бойынша шығыс операцияларының болуы;
ипотекалық депозитті қоспағанда, бір отбасына 200 АЕК-тен астам мөлшердегі жинақ салымының, депозиттің болуы.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК-ке үміткер адамдардың келісімін ала отырып, азаматтардың шығыстарын есепке алу тетігін сынақтан өткізу пилоттық жобасын іске қосу жоспарлануда.
Өтініш беруші АӘК алу үшін уәкілетті органға жүгініп, пилоттық жобаға қатысуға өтініш береді. Осыдан кейін өтініш берушінің отбасы құрамына кіретін барлық кәмелетке толған адамдарға жеке телефон нөмірлеріне 1414 нөмірінен sms-хабарлама жіберіледі, оған олар бір жұмыс күні ішінде жауап беруге тиіс.
Ақпарат алу өтініш берушінің келісімі бойынша және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады.