Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау саласында жаңа реттеушілік құралды енгізу туралы баспасөз хабарламасы

Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау саласында жаңа реттеушілік құралды енгізу туралы баспасөз хабарламасы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік бақылау саласында жаңа реттеушілік құралды енгізу мәселесін пысықтауда.

ҚР Еңбек кодексіне «Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау» деген жаңа 197-1-бапты енгізу жоспарлануда.

Ұсынылып отырған тетік ҚР Кәсіпкерлік кодексінде көзделген тәсілдерге сәйкес әзірленуде және мемлекеттік бақылаудың профилактикалық моделін одан әрі дамытуға бағытталған.

Жаңашылдықтың негізгі мақсаты - бақылау іс-шараларын жүргізу үшін бармай-ақ, ерте кезеңде еңбек заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу. Профилактикалық бақылау мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтерді, сондай-ақ ведомствоаралық ақпараттық өзара іс-қимыл деректерін талдау арқылы жүзеге асырылатын болады.

Яғни, мемлекеттік инспектор жұмыскерлердің еңбек құқықтарының айқын бұзылуын анықтаған кезде бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай-ақ профилактикалық бақылауды жүзеге асыра алады және бұзушылықтарды жою туралы ұсыным жібере алады. Алайда, егер 10 күн өткеннен кейін анықталған бұзушылық жойылмаса, мемлекеттік инспектор субъектіге бару арқылы бақылауды жүзеге асырады.

Ұсынылып отырған тетік назарды орын алып қойған бұзушылықтарға ден қоюдан олардың дер кезінде алдын алуға аударуға мүмкіндік береді. Жұмыс берушілер тексеру іс-шараларын жүргізгенге және әкімшілік ықпал ету шараларын қолданғанға дейін анықталған тәуекелдерді жоюға мүмкіндік алады.

Норма бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және оларға жол бермеу, бақылау субъектісіне (объектісіне) бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын беру, сондай-ақ бақылау субъектісіне әкімшілік жүктемені азайту мақсатында енгізіледі.

Жаңа құралды енгізу қажеттілігі еңбек заңнамасын бұзушылықтар санының жоғары деңгейде сақталып отырғандығына байланысты.

Бұл норманы енгізу еңбек заңнамасының сақталу деңгейін арттыруға, адал жұмыс берушілерге әкімшілік жүктемені азайтуға, еңбек дауларының санын қысқартуға және еңбек саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Қазіргі уақытта тиісті заңнамалық түзетулер заңнамада белгіленген тәртіппен пысықталу сатысында.