ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесті. Еңбек министрлігінің басшысы Президенттің халықты мемлекеттік қолдауды күшейтуге бағытталған әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы хабарлады.
Іс-шараға ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов, ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Абулхатин, облыстық басқарма мен аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және облыстың белсенді тұрғындары қатысты.
Кездесуді аша отырып, Светлана Жақыпова Еңбек министрлігі жұмысының негізгі бағыттары және азаматтардың әртүрлі санаттарын қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі айтты.
Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында 2023 жылдан бастап базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылуда. 2025 жылы оның ең төмен мөлшері 70% - ға дейін, ал ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 110%-на дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, 2023 жылы ынтымақты зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін ең төмен табыс мөлшері 46-дан 55 ең төменгі есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Жалпы еліміз бойынша 2024 жылы зейнетақы төлемдеріне 3 трлн 752 млрд теңге бағытталды, оның ішінде Ұлытау облысында бұл мақсатқа 31 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды
Осы жылдың басынан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жыл сайын индекстеу жүргізілді. 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша өңірдегі зейнетақының орташа мөлшері 181,5 мың теңгені құрады.
Министр балалы отбасыларды қолдау көп деңгейлі әлеуметтік көмек жүйесі арқылы жүзеге асырылатынын және бала тууды ынталандыруға, отбасындағы балаларды тәрбиелеуге жәрдемдесуге, сондай-ақ көпбалалы аналардың беделі мен мәртебесін арттыруға бағытталғанын айтты.
2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша облыста бюджет қаражаты есебінен 0,2 млрд теңге сомасына 1,3 мың адам бала дүниеге келуіне байланысты біржолғы жәрдемақы алды, жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша жәрдемақыны 0,1 млрд теңге сомасына 1,2 мың адам алды, ал мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілерге берілетін жәрдемақыны 0,3 млрд теңге сомасына 1 мың адам алды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілікке және босануға байланысты төлемдерді 1,2 млрд теңге сомасына 946-дан астам адам, бала күтіміне байланысты төлемдерді 1,7 млрд теңге сомасына 5,7 мыңнан астам адам алды.
Өңірде 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар 6,5 мың көпбалалы отбасы немесе елдегі көпбалалы отбасылардың жалпы санының 1,1%-ы бар. 2025 жылдың 4 айында оларға 1 млрд 857 млн теңге төленді. «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталған немесе «Батыр ана» құрметті атағы бар көпбалалы аналар үшін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы көзделген. Сіздің облысыңызда бұл төлемді 2,7 мың ана алады, оның көлемі 292 млн теңгені құрады».
2025 жылғы 1 мамырға Ұлытау облысында атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алушылар 1,1 мың адам немесе 230 отбасы болды. 2024 жылмен салыстырғанда алушылар саны 10,9% - ға азайды.
АӘК алатын балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейту үшін 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем көзделген. Осы жылдың 4 айында өңірде осы төлеммен 182 отбасының 346 баласы 6,4 млн теңгеге қамтамасыз етілді.
Ол өз сөзінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бүгінгі таңда 737 мыңнан астам қазақстандыққа (халықтың 3,6%) мүгедектік дәрежесі белгіленген. Ұлытау облысында 11 мыңнан астам адамның ға мүгедектігі бар, оның шамамен 63%-ы еңбекке қабілетті жастағылар болса, 28%-ы зейнет жасындағы адамдар, 9%-ы 18 жасқа дейінгі балалар.
«Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын, оған Факультативтік хаттаманы және Марракеш шартын ратификациялау шеңберінде міндеттемелер қабылдады. 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру басталды, оның шеңберінде дәстүрлі және медициналық модельдерден әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшіру жүзеге асырылады», – деп хабарлады Еңбек министрлігінің басшысы.
Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша Ұлытау облысында Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін сатып алу бойынша 1,8 мың іс-шара іске асырылды.
«Жыл басынан бері түрлі акциялар, жарнамалармен айналысатын, сыйақылар жөнінде уәде бергіш жосықсыз жеткізушілердің 3 400 өтінімі және 5 мыңнан астам қайталанатын карточкаларды алып тастадық. Жеткізушілерге қойылатын талаптар да күшейтілді. Үш күн ішінде жеткізілім немесе тауарларды жеткізу туралы ақпарат болмаған жағдайда тапсырыс жойылады. Сондай-ақ тауарлар мен қызметтердің құнын өтеу үшін ұсынылатын кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесі қайта қаралуда», – деді министр.
Қол жетімді ортаны қамтамасыз ету маңызды бағыт болып қала береді. «AMANAT» партиясының жол картасы аясында биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Ұлытау облысында 90 нысан бейімделді. Дегенмен, қолжетімділік мәселесі әлі де өзекті болып қалып отыр. Осы орайда Светлана Жақыпова бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.
«2024 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін (бұдан әрі – АӘҚ) трансформациялау басталды. Орталықтардың қызметін цифрландыру барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘҚ беру сапасын арттыру үшін осы қызметті лицензиялау енгізілді. Ұлытау облысында бұл рәсімнен барлық орталықтар өтіп, 33 лицензия берілді.
Сондай-ақ, осы жылдың басынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізіледі, онда әлеуметтік көмек пен қолдаудың қажетті көлемі әрбір көрсетілетін қызметті алушының дербестендірілген қажеттіліктерін ескере отырып айқындалады. Жаңа шараларды енгізу халыққа АӘҚ көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Еңбек министрлігінің басшысы.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шеңберінде 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша өңірде 1,3 мың адам жұмысқа орналастырылды. Кәсіптік оқытумен 105 адам қамтылды, кәсіпкерлік негіздеріне 435 адам оқытылды. АӘК алушылар, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар арасынан облыстың 87 тұрғыны бизнес ашуға өтеусіз гранттар алды. Биыл өңірде 1 млн 572 мың теңге көлемінде 87 грант беру жоспарлануда.
Министр өңір тұрғындарының және жалпы барлық қазақстандықтардың Электрондық еңбек биржасында жұмыс тауып қана қоймай, жаңа кәсіби дағдыларды игеруге, сол арқылы өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Қазақстанда 4 жылдан бері Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда онда 1000 курс бар, оның 319-ы тегін. Әрбір қазақстандық өзіне ұнайтын оқу бағдарламасын таңдай алады, қолда бар мамандық бойынша дағдыларын арттыра алады немесе жаңаларын игере алады. Осы жылдың басынан бері 181 мың азамат оқудан өткені туралы сертификат алды», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Жұртшылықпен кездесу соңында Министр зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналастыру, оңалту құралдарын ұсыну, сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің сапасына қатысты өзекті тақырыптарға егжей-тегжейлі тоқталып, қатысушылар қойған барлық сұрақтарға толыққанды жауаптар берді. Светлана Жақыпова Еңбек министрлігі алдағы уақытта да ашық диалогқа, азаматтардың сұраныстарына уақтылы ден қоюға және әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді тиімді шешуге ерекше назар аударатынын атап өтті.
Кездесуден кейін министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.