А. Ертаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды

А. Ертаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, ҮЕҰ өкілдерімен, арнаулы әлеуметтік қызмет алушылармен және оларды ұсынатын ұйымдардың ұжымдарымен кездесу өткізді.

Жұмыс сапары Ақтөбе қаласының әлеуметтік мекемелеріне барудан басталды. Асқарбек Ертаев «Қамқорлық» ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталықтың, 3 жастан 18 жасқа дейінгі неврологиялық патологиясы бар балаларға арналған № 3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының, жүйке аурулары бар адамдарға арналған № 2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметімен танысты.

Асқарбек Ертаев осыдан кейін «Анаға тағзым» орталығында болып, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Вице-министр 2024 жылғы желтоқсанда қабылданған 2030 жылға дейінгі ҚР инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру кезеңдері туралы айтып берді.

«Осы жылдан бастап 52 іс-шараны көздейтін Тұжырымдаманың 13 негізгі бағытын іске асыру бойынша жұмыс басталды. Салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар жауапты орындаушылар болып табылады. Жергілікті атқарушы органдарға 14 іс-шара бекітілді, оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтердің әлеуетті алушыларын есепке алу және мониторингілеу жөніндегі өңірлік картаны өзектендіру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдануды қоса алғанда, үлгілік жобалау-сметалық құжаттама негізінде оңалту орталықтарының құрылысын аяқтау және т.б.», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстанда осы жылдың 1 қаңтарынан басталған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялаудың өзекті мәселелері қаралды.

«Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық меншік нысанындағы ұйымдар лицензиялауға жатады. Лицензиялау көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын және мүгедектігі бар адамдар мен көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын әлеуметтік оңалтудың тиімділігін арттыру үшін жағдай жасайды, сондай-ақ осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Айта кетейік, бүгінде мүгедектігі бар адамдарға 792-ге жуық мемлекеттік ұйым АӘҚ ұсынады, оның ішінде: 120 стационарлық үлгідегі арнайы қызмет көрсету орталықтары, 106 күндізгі болу орталықтары, 37 оңалту орталықтары, 529 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері.

ҮЕҰ өкілдерімен кездесуден кейін вице-министр Қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды, онда стационар жағдайында 237 адам АӘҚ алады, оның 86-сы – бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, 151-і қарт азаматтар.

Сонымен қатар, Асқарбек Ертаев 150 орындық Мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығының құрылыс барысымен танысты, оның құрылысы Мемлекет басшысының республиканың түрлі өңірлерінде осындай 12 ұйымды ашу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылуда.

9 мамырда жұмыс сапары аясында вице-министр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған Ақтөбе облыстық мүгедектігі бар адамдар қоғамы ұйымдастырған «Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» конференциясына қатысады.