С. Жақыпова қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен және ҰОС Жеңісінің 80 жылдығымен құттықтады

С. Жақыпова қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен және ҰОС Жеңісінің 80 жылдығымен құттықтады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтарды келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. Ол отандастарымызға бейбітшілік, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тіледі.

 «Қазақстанда Отан қорғаушылар күнін ең маңызды және есте қаларлық күндердің бірі – Жеңіс күні қарсаңында атап өтуіміз кездейсоқ емес. Бұл айтулы күндер бейбіт күннің құндылығын, өткеннің ерліктерін және болашақ алдындағы жауапкершілікті ұғындырып, ұрпақтарды біріктіреді. Біз Отанымызды қорғаған азаматтардың барлығына және қазіргі күні оның қауіпсіздігін қорғау үшін қызмет етіп жүрген барша әскери жандарға құрмет пен ризашылығымызды білдіреміз.

Бұл ретте Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Сіздердің қиын-қыстау жылдары танытқан ерліктеріңіз бен жанқиярлық істеріңіз барша қазақстандықтардың жүрегінен орын алды. Сіздер жерімізде бейбітшілікті сақтауға баға жетпес үлес қостыңыздар. Сіздердің ерліктеріңіз жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік және тарихқа құрметпен қарауды терең сіңдіруде берік рухани іргетасқа айналды.

Соғыс жылдарында майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен өзге де әскери құралымдар құрылды. Ерлікпен көзге түскен жүз мыңдаған отандасымыз ордендермен және медальдармен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт қазақстандық екі мәрте Батыр атағын алды. 110 адам үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Отанын қорғауға аттанған әрбір екінші адам өкінішке қарай майдан даласынан қайтып оралмады – олар шайқаста ерлікпен қаза тапты, алған жарақатынан қайтыс болды немесе хабар-ошарсыз кетті. Тұтқынға түскен 630 мың адам оралмады.

Барша қазақстандықтар бейбітшілік пен еркіндік үшін өмірлерін берген батырларымызды ұмытпауға тиіс!

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және Ұлы Жеңіске үлес қосқандардың барлығына, сондай-ақ бүгінгі Отан қорғаушыларымызға зор денсаулық, амандық және ұзақ өмір тілеймін. Аспанымыз әрқашан ашық болсын, әр үйде бақыт пен шаттық орнасын!» – делінген  Светлана Жақыпованың құттықтау сөзінде.