Еңбекмині субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру тетігін жетілдіреді

Еңбекмині субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру тетігін жетілдіреді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 275 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ведомство басшысы бұйрығының жобасын (бұдан – Жоба) әзірледі. Құжат 2025 жылғы 15 сәуірге дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Жоба келесідей өзгерістерді көздейді:

- процестерді оңтайландыру және жұмыс берушілерден субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінімдерді қабылдаудың нақты мерзімдерін белгілеу. Осылайша, 2025 жылы өтінімдерді қабылдау 1 ақпаннан 30 қыркүйекке дейін, ал 2026 жылға – осы жылдың 15-31 желтоқсаны аралығында жүзеге асырылады;

- жұмыс берушілердің мансап орталықтарының қатысуынсыз Электрондық еңбек биржасы арқылы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысу талаптарына сәйкестігіне автоматты тексеруді енгізу, сондай-ақ жұмыссыздарды субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру процесін автоматтандыру;

- субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім беретін жұмыс берушілердің жауапкершілігін бекіту;

- масылдықты болдырмау мақсатында субсидияланатын жұмыс орындарына жұмыссыздардың қайта қатысу критерийлерін айқындау. Осылайша, жұмыссыздарды субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру екі жыл ішінде бір рет жүзеге асырылатын болады;

- жұмыс берушілер арасында субсидияланатын жұмыс орындарын әділ бөлу үшін жұмыс беруші берген өтінімге сәйкес жұмыскерлердің тізімдік санына қарай жұмыс орындарының санын автоматты түрде есептеуді енгізу;

- еңбек мобильділігі орталықтары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылардың еңбегіне ақы төлеу бойынша өзара іс-қимыл тәртібін нақтылау. Енгізілген түзетулер өтінімдерді қалыптастыру, қаражат аудару және есептілік мерзімдері мен тетіктерін нақтылайды.

Бұл жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ мемлекеттік бюджет қаражатынан қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.

Құжатпен толығырақ https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15503195 сілтемесі бойынша «Ашық НҚА» порталына өтіп,  танысуға болады.