ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен және регрессшілермен кездесті, облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығына барды.
Ақмәди Сарбасов жұмыс сапарын Тараз қаласындағы өнеркәсіптік кәсіпорындарға барудан бастады. Ол «Имсталькон» Жамбыл металл конструкциялары зауыты» ЖШС қызметімен танысты. Кәсіпорын жылдық қуаты 30 000 тонна өнеркәсіптік және өндірістік мақсаттағы объектілерге арналған металл конструкцияларын өндіруге маманданған.
Зауыт жұмыскерлерімен кездесуде бірінші вице-министр ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) ҚР-да 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде және еңбек қатынастарын реттеу саласында жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді.
«Еңбек шартынсыз жұмыс істеу, кірістерді жасыру, еңбекақы төлеу бойынша берешек мәселелері өзекті болып қала береді. Бұл әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыскер үшін жағымсыз салдарға әкеледі. Еңбекмині жұмыскерлердің еңбек қатынастары мен кепілдіктерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар цифрлық шешімдерге бастама жасалды: жұмыс берушінің HR Enbek ақпараттық жүйесінде кәсіпорындардың штат кестесін декларациялауы; еңбек және ұжымдық шарттар жасасу рәсімін электрондық форматқа көшіру; еңбек жанжалдарын дәлірек болжау және алдын алу үшін еңбек тәуекелдері картасының функционалдығын кеңейту», – деді Ақмәди Сарбасов.
Бұдан әрі вице-министр электр және жылу энергиясын өндірумен, таратумен және өткізумен айналысатын «Т.И. Батуров атындағы ЖГРЭС» АҚ-да болды. Ақмәди Сарбасов кәсіпорын басшылығымен әлеуметтік әріптестік шеңберінде жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсарту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, ол еңбекті қорғау саласындағы қадағалау мен бақылау тетіктерін қатаңдату жөніндегі шараларды іске асыру туралы айтты, мысалы: жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа әдістемесін енгізу; қауіпті жұмыстарды шұғыл тоқтата тұру үшін мемлекеттік еңбек инспекторларына қадағалау функцияларын беру; төтенше жағдайлар тәуекелдері туралы ерте хабарлау жүйелерін енгізу (мобильді қосымшалар, арнайы датчиктер және басқа да заманауи технологиялық шешімдер); кәсіптік тәуекелдерді бағалауды жүргізу бойынша мамандандырылған ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту; мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері негізінде кәсіпорынға бармай-ақ профилактикалық бақылау мүмкіндіктерін кеңейту.
Осыдан кейін вице-министр облыстық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығына барды. Ұйымда жартылай стационар жағдайында психоневрологиялық және тірек-қимыл аппараты бұзылған 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар арнайы қызмет алады.
Сонымен бірге ол «Қаратау» ААҚ-да бұрын қызмет жасаған мүгедектігі бар регресші азаматтармен кездесті. Кездесу барысында Ақмәди Сарбасов Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен 16 регресшінің талаптары толық қанағаттандырылғанын хабарлады. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін олар кредиторлардың бірінші кезектегі талаптарының тізіліміне енгізілген сомаларды төлеуді жүзеге асыру үшін Еңбекминіне жүгінуі қажет.