ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің министрліктері мен ведомстволарының басшылары кедейлікті азайту мәселелерін талқылады

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің министрліктері мен ведомстволарының басшылары кедейлікті азайту мәселелерін талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кедейлік деңгейін төмендетуге ықпал ететін енгізілетін тетіктер бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (бұдан әрі – ШЫҰ) мүше мемлекеттердің министрліктері мен ведомстволары басшыларының қатысуымен онлайн-форматта дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара барысында тараптар кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Іс-шараға Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекеттер мәртебесі бар Беларусь, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел ШЫҰ-ның 2024 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспары және Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығының 2023 – 2024 жылдарға арналған негізгі іс-шаралар жоспары шеңберінде кедейлік деңгейін төмендету бойынша енгізілетін тетіктер бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ кедейлік деңгейін айқындау және әлеуметтік көмекті белсенді көрсету тәсілдерін жетілдіру үшін ұйымдастырылды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Қазақстанда халықтың өмір сүру деңгейін арттыру және кедейлік ауқымын қысқарту бойынша қолданылатын шаралар мен жаңа тәсілдер туралы баяндама жасады. Ол тәуелсіздік жылдарында еліміздегі кедейлік деңгейі
1996 жылғы 34,6 %-дан 2023 жылдың қорытындысы бойынша 5,2 %-ға дейін төмендегенін немесе 6,7 есе төмендегенін атап өтті, бұған Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсетудің атаулылығын күшейту бойынша жоспарлы жүргізіліп жатқан саясат көп жағдайда ықпал етті.

Өткен жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енгелі республикада халықты мемлекеттік қолдау парадигмасы түбегейлі өзгерді, ол қазір азаматтардағы өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

Кездесу барысында тараптар кедейлікті қысқартуға байланысты көптеген мәселелерді және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің осы бағыттағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылады.