
2024 жылғы 16 ақпанда Алматы қаласында 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова, мүгедектігі бар қазақстандық азаматтардың мүдделерін білдіретін үкіметтік емес ұйымдардың 69 өкілі, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жетісу, Жамбыл облыстарының азаматтық белсенділері қатысты.
Вице-министр Назгүл Сағындықова Мемлекет басшысының инклюзивті қоғам құру, мүгедектігі бар қазақстандық азаматтарды әлеуметтік қолдау жөніндегі бастамаларын іске асыру шеңберінде Министрліктің жүргізіп жатқан жұмысы туралы жұртшылықты хабардар етті.
Осылайша, «Адам құқығы мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Президент Жарлығын іске асыру үшін сараптамалық-талдамалық жұмыс, 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасы бойынша жұртшылықтың ұсыныстарын жинау басталды.
«Тұжырымдаманың мақсаты мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және мүмкіндіктерін кеңейту және олардың әлеуметтік интеграциясы болып табылады. Біз үшін үкіметтік емес сектор өкілдерімен бірлесе отырып, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, біздің отандастарымыздың нақты қажеттіліктері мен қалауын көрсететін жаңа инклюзивті саясатты қалыптастыру маңызды. Біз еліміздің барлық өңірлерінен Қоғамдық қозғалыстар мен үкіметтік емес сектор көшбасшыларын талқылау үдерісімен барынша қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді Назгүл Сағындықова.
Сондай-ақ, іс-шара аясында вице-министр мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау желісі бойынша жиналған сұрақтарға жауап берді.