Н. Сағындықова Орталық Азия елдеріндегі әріптестеріне Қазақстандағы арнаулы әлеуметтік қызметтердің дамуы туралы таныстырды

Н. Сағындықова Орталық Азия елдеріндегі әріптестеріне Қазақстандағы арнаулы әлеуметтік қызметтердің дамуы туралы таныстырды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова 5-6 желтоқсанда Астанада өтетін Әлеуметтік жұмыс мектептері ұлттық қауымдастықтарының IV Орталық Азия Форумына қатысты. Ол көрші елдерден келген әріптестер мен халықаралық сарапшыларға Қазақстандағы арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесінің дамуы туралы баяндады. 

Биылғы форумның басты тақырыбы «Орталық Азияның әлеуметтік  жұмыс  саласындағы ұлттық  және өңірлік саясатын әзірлеу: кәсіптік стандарттар, кәсіби әлеуметтік жұмыс  бойынша білім беру бағдарламалары. Дамудың қай сатысындамыз және қай бағытта дамуымыз қажет» болды.

Каритас Қауымдастығымен (Германия) бірлескен жобаны іске асыру аясында ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның әлеуметтік қызметкерлерінің ұлттық қауымдастықтарының, мемлекеттік органдардың, БҰҰ Халықаралық агенттіктерінің, адам құқықтары және балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің, басқа да халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері қатысты.

Форумның негізгі мәселелері: кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламаларын ескере отырып, Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік жұмыс саласындағы ұлттық және өңірлік саясаттардың ағымдағы жай-күйін талдау; Әлеуметтік жұмыстың қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келетін жаңартылған кәсіптік стандарттарды ұсыну; Орталық Азия елдеріндегі қауымдастықтар деңгейінде оңалту технологиясын дамыту перспективаларын талқылау; жоғары стандарттарға жауап беретін білім беру бағдарламаларын кәсіби әлеуметтік жұмыс саласындағы талаптарға; әлеуметтік жұмыс саласындағы саясатты қалыптастыру және іске асыру процесіне кәсіби қауымдастықтарды, білім беру мекемелерін, мемлекеттік органдарды және жалпы қоғамды қоса алғанда, мүдделі тараптардың хабардарлығын және тартылуын арттыру; әлеуметтік жұмыс мектептері қауымдастықтарының Орталық Азия альянсын құру.

Сөз барысында Назгүл Сағындықова Қазақстандағы жаңа әлеуметтік саясат туралы баяндады. Вице-министр елімізде 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар іске асырылып жатқанын атап өтті. БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясы және оған Факультативтік хаттама ратификацияланды. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық шараларды реттейтін және халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі жаңа тәсілдерді көздейтін Әлеуметтік кодекс қолданысқа енді.

«Мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға баса назар аудара отырып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын өзектендіру жоспарлануда. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге жан басына шаққандағы норматив енгізіледі, ол мұқтаждарды, әсіресе ауыл тұрғындарын қамтуды кеңейтуге және бәсекелестік жағдайында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Назгүл Сағындықова.

Бүгінгі күнде республикада 900-ден астам ұйым арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

Биыл пилоттық режимде еліміздің 6 өңірінде мүгедектігі бар балаларға арналған сыйымдылығы шағын үйлер ашылды. Сонымен қатар, заманауи оңалту орталықтары салынуда, аутизмі (аутистикалық спектрдегі бұзылыстары) бар балаларға арналған орталықтар ашылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен ынтымақтастықта еліміздің 4 өңірінде тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту бойынша пилотты енгізу жоспарлануда.

«Республикалық деңгейде арнаулы қызметтер көрсету орталықтарының бюджетін шоғырландыру жүзеге асырылатын болады. Бұл шара бізге ресурстарды тиімдірек бөлуге және қызмет көрсетудің жалпы стандарттарын белгілеуге мүмкіндік береді. Қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін орталықтардың барлық бизнес-процестерін цифрландыру енгізіледі», – деді вице-министр.

Елімізде мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін өз бетінше таңдауға және жеткізушілерден тікелей тапсырыс беруге мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейді.

Отбасының цифрлық картасы енгізілді, ол азаматтардың әртүрлі инстанцияларға жүгінуін болдырмай, проактивті форматта мемлекеттік қолдау көрсетуді көздейді.

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласында бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары енгізілді.

«Әлеуметтік саясатты сапалы іске асыруды қамтамасыз ету үшін кадр ресурстары қажет. Бұл бағытта әлеуметтік қызметкерлер үшін кәсіптік стандарттарды қайта қарау, оларды санаттау тәсілдерін, сертификаттау тәртібін және тиісті оқу модульдерін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі әзірленеді, онда әрбір әлеуметтік қызметкердің біліктілігі, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен сапасы және оның жұмысының нәтижелері туралы ақпарат қамтылатын болады. Сондай-ақ, көрсетілетін қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескере отырып, әлеуметтік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралатын болады», – деп атап өтті Назгүл Сағындықова.

Форум барысында Әлеуметтік кодекстің арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін трансформациялауды көздейтін новеллаларын ескере отырып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әлеуметтік жұмыс мектептері қауымдастығы арасында өзекті меморандумға қол қою жоспарлануда.