Mемлекеттік органдардың өкілдерімен ҰБЖ жүйесінде салалық кеңестер құрудың ерекшеліктері талқыланды

Mемлекеттік органдардың өкілдерімен ҰБЖ жүйесінде салалық кеңестер құрудың ерекшеліктері талқыланды

ҚР ЕХӘҚМ жанындағы Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның мамандары кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестерді құру, мемлекеттік органдардың өкілдері үшін салалық біліктілік шеңберлерін (бұдан әрі – СБШ) және кәсіптік стандарттарды әзірлеу бойынша оқыту семинарын өткізді.

Семинарды өткізудің мақсаты – Ұлттық біліктілік жүйесін дамытуға мүдделі тараптардың қатысу дәрежесі мен сапасын арттыру.

Семинарға Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат, Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Экология және табиғи ресурстар, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінен 50-ден астам адам қатысты.

Семинарда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің салалық біліктілік кеңесінің мүшесі Елена Свердлова мен Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның сарапшылары спикер ретінде сөз сөйледі.

«Семинардың негізгі міндеттері мемлекеттік органдардың сарапшыларына салалық біліктілік шеңберлерін әзірлеу және өзектендіру құрылымын, қағидаттарын, тәртібін түсіндіру, сондай-ақ СБШ әзірлеу кезінде жиі кездесетін қателіктерді талдау», – деп атап өтті Елена Свердлова.

Сонымен қатар, семинар барысында кәсіптік біліктілік бойынша салалық кеңестердің алдында тұрған міндеттер, салалық кеңестерді құру тетігі қарастырылды. Қатысушыларға кәсіптік стандарттар құрылымында болған өзгерістер көрсетіліп, оларды әзірлеу және өзектендіру тәртібі түсіндірілді.

Биыл қараша айында басқа мемлекеттік органдардың өкілдері үшін осындай семинарлар өткізу жоспарлануда.