Е. Оспанов пен Н. Сағындықова балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау туралы хабардар етті

Е. Оспанов пен Н. Сағындықова балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау туралы хабардар етті

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері Ербол Оспанов пен Назгүл Сағындықова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты.

Өз сөзінде Ербол Оспанов ана мен баланы, жалпы отбасын әлеуметтік қолдау мемлекеттің күн тәртібіндегі бірінші мәселе екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жақында қол қойған Әлеуметтік кодекс әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыруды және нығайтуды көздейді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қаңтардан бастап Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) немесе барлық отбасылардың дербес деректер қоры іске қосылды. Оны енгізудің негізгі мақсаты әрбір қазақстандық отбасының мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады.

ОЦК Smart Data Ukimet ақпараттық-талдау жүйесінде жүзеге асырылды және мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграцияланды. Smart Data Ukimet деректерді жинайды және өңдейді, содан кейін отбасының әл-ауқатын 5 санат бойынша анықтайды. Бағалаудың негізгі критерийлері жиынтық табыс, әлеуметтік өмір сүру жағдайлары, денсаулық, жұмыспен қамту, білім беру мен әлеуметтік көмекке қажеттілік және т.б. болып табылады. Отбасының әл-ауқатын автоматты түрде анықтағаннан кейін ОЦК проактивті форматта азаматтарға тиесілі мемлекеттік қолдау шараларын ұсынады. Бүгінгі таңда 20 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қолдау шаралары тағайындалды», – деді вице-министр.

Ербол Оспанов 2023-2024 жылдар аралығында ОЦК арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесі әлеуметтік-еңбек, денсаулық сақтау және білім беру салаларында кеңейтілетінін айтты. Ал 2025 жылы мемлекеттік қолдаудың барлық түрлері қамтылады.

«Ана мен баланы әлеуметтік қолдау көп деңгейлі әлеуметтік көмек және әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда балалы отбасыларға республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақының 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлемдердің 2 түрі төленеді.

Биылғы жылы жалпы сомасы 1,8 трлн теңгеге 3,5 млн отбасы үшін әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. 2023 жылдың 4 айында әлеуметтік жәрдемақылар немесе төлемдер 2 млн 653 мың отбасына тағайындалды», – деді Ербол Оспанов.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала туғанда төленетін біржолғы жәрдемақы мөлшері ұлғайды. Биыл туылған бірінші, екінші және үшінші балалар үшін 131 мың теңге, ал төртінші және одан кейінгі балалар үшін 217 мыңнан астам теңге төленеді.

Жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тен біржолғы төлемдер тағайындалады. Төлем мөлшері әйелдердің соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты. 4 айдың қорытындысы бойынша төлемдердің орташа мөлшері шамамен 1 млн 100 мың теңгені құрады.

Сондай-ақ, вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша МӘСҚ-тен бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу кезеңі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайғанын еске салды. Мұндай төлемдерді биыл босанған және өткен жылы туған, бірақ әлі жасы 1,5-ға толмаған балалары бар 760 мың әйел алады деп жоспарлануда.

Жұмыс істемейтін ата-аналар үшін бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 19 872 теңгеден 30 705 теңгеге дейін мөлшерінің ұлғаюымен баланың туу кезегіне байланысты төленеді. МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері жұмыс істейтін ата-аналардың соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40% құрайды.

Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап бала күтімімен отырған ата-аналарға міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді.

«Сондай-ақ бюджеттен 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған  немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері балалар саны бойынша сараланған, яғни 4 баласы бар отбасы үшін 55 304 теңгеден төленіп, ал 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін 13 800 теңгеге артып отырады. Биыл  бұл жәрдемақы 544 мың отбасына төленуде, осы мақсаттарға 410 млрд теңге қарастырылған.

«Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан өмір бойы төленетін мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Бүгінде бұл жәрдемақыны 232 мың ана алады, оны республикалық бюджетте төлеуге биыл 61 млрд теңге қарастырылған.

Әлеуметтік кодексте «наградатталған аналар» деген жаңа ұғым енгізіліп, жәрдемақы мөлшерін саралау көзделген. Бүгінде 6, 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап 7 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылады», – деді Ербол Оспанов.

Сөз соңында вице-министр отбасының әрбір мүшесінің табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда мемлекет атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК), ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға – қосымша кепілдендірілген әлеуметтік топтама (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) ұсынатынын атап өтті.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алушылардың өтініші бойынша әлеуметтік топтама әрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ай сайынғы төлем түрінде заттай түрден ақшалай форматқа ауыстырылды (2023 жылы – 5 175 теңге). Бұл Әлеуметтік кодексте көзделген балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдаудың атаулылығын күшейту жөніндегі шаралардың бірі. 

1 мамырдағы жағдай бойынша АӘК-ті 500 мыңға жуық адам алуда, төлемдердің орташа мөлшері балаларға берілетін ақшалай төлемді қосқанда 15,4 мың теңгені құрады. Өткен жылы бір адамға АӘК-тің орташа айлық мөлшері 6,5 мың теңгені құрады.

Өз кезегінде Назгүл Сағындықова мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып берді.

«Әлеуметтік кодекс шеңберінде 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мен жәрдемақылардың мөлшері орта есеппен 14,5% - ға ұлғайтылатын болады», – деді Н.Сағындықова.

Вице-министр 2023 жылға арналған республикалық бюджетте мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеуге 379 млрд теңге, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға – 71,7 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыға – 113,8 млрд теңге көзделгенін атап өтті. Жалпы, 1 шілдеден бастап төлемдер мөлшерін ұлғайтуға республикалық бюджеттен қосымша 41 млрд теңге бөлінді.

«Мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде балалар көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің (тек ересектерге арналған) және ымдау тілі маманының қызметімен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға 400 мыңға жуық тауарлар мен қызметтерді ұсынылады. Бұл мақсаттарға жыл сайын 71 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді», – деді Назгүл Сағындықова.

Ол сондай-ақ 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мынадай қосымша қолдау шаралары жоспарланғанын хабарлады:

-   жөргектердің мөлшерін күндігіне 2 данадан 4 данаға дейін ұлғайту;

-  пилоттық режимде дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бойынша ақыл-ой кемістігі бар балаларға санаторий-курорттық емдеу қызметтерін көрсету (сүйемелдеуге арналған шығыстар күніне 11 мың теңге жолдама құнының 70% - % құрайды);

-  мүгедектігі бар балаларды майланған катетермен қамтамасыз ету. 

«Мүгедектігі бар балаларға туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және қоғам өміріне араласу мүмкіндіктерін тең жағдайда қалыптастыру мақсатында стационар, жартылай стационар, үйде күтім жасау жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) ұсынылады», – деп хабарлады вице-министр.

Қазіргі уақытта әлеуметтік қорғау жүйесінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған стационарлық үлгідегі 4 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған 16 орталық жұмыс істейді.

Жартылай стационар жағдайында және үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стационарлық ұйымдардың қолданыстағы желісіне балама болып табылады және баланың отбасымен бірге болуына бағытталған. 75 күндізгі ұйымда 3,5 мыңға жуық бала қызмет алады. Сондай-ақ, 1,3 мыңға жуық балаға 18 оңалту орталығы жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Елімізде барлығы 215 үйде әлеуметтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді, онда 10 мыңнан астам бала қызмет алады.

Жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсетудің мемлекеттік ұйымдарымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтерді 10 мыңнан астам адамға, оның ішінде мүгедектігі бар 6 мыңнан астам балаға 182 үкіметтік емес ұйым ұсынады.

«Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2021-2025 жылдарға еліміздің 12 өңірінде 150 орындық оңалту орталықтарын салуды жоспарлады. Бірінші оңалту орталығы Семей қаласында пайдалануға берілді. 6 өңірде құрылыс жалғасуда, 5 өңірде жобалау-сметалық құжаттаманы жер учаскелеріне байланыстыру және тиісті құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан басқа, «Қамқорлық» бастамасы аясында 2023 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен аутизм спектрі және басқа да ментальдық бұзушылықтары бар балаларға арналған 8 күндізгі болу орталығын ашу жоспарланған. Осы жылдың 2 және 3 сәуірінде Шымкент және Павлодар қалаларында орталықтардың ресми ашылуы өтті. Кеше Талдықорған қаласында ресми ашылу өтті. Бүгін Орталықтың ашылуы Өскемен қаласында өтуде», – деді Назгүл Сағындықова.

Өз сөзінің соңында вице-министр арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту шеңберінде биылғы шілдеден бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін жеке секторды тарта отырып, жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін енгізу көзделіп отырғанын хабарлады. Пилоттық жоба шеңберінде тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық бұзылулары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді қамту жоспарлануда. Бұл бәсекелестік жағдайында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және мүгедектігі бар адамдардың 45% тұратын шалғайдағы ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар мен отбасыларды қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді.