Астанада Еуро-Азиялық өңірлік еңбек инспекциясы альянсының конференциясы өтті

Астанада Еуро-Азиялық өңірлік еңбек инспекциясы альянсының конференциясы өтті

KIOSH-2023 еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі XI Қазақстандық халықаралық конференция шеңберінде Еуро-Азия өңірлік еңбек инспекциялары альянсының (бұдан әрі – ЕАӨЕИА) конференциясы өтті, оның барысында Халықаралық еңбек инспекциялары қауымдастығының қызметі мәселелері және 2022 жылы ЕАӨЕИА елдерінің инспекциялық органдарының қадағалау қызметінің нәтижелері талқыланды.

Іс-шара Ресей Федерациясының Еңбек және жұмыспен қамту федералды қызметі басшысының орынбасары, Халықаралық еңбек инспекциясы қауымдастығының вице-президенті Иван Шкловецтің төрағалығымен ТМД елдерінің өкілдерінің қатысуымен өтті.

Конференцияда сөз сөйлеген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов еңбекті қорғау саласындағы проблемаларды кешенді шешу мақсатында 2030 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі тұжырымдаманың жобасы әзірленгенін, оны KIOSH 2023 конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі таныстырғанын хабарлады.

«Тұжырымдаманың жаңа бағыттары шеңберінде еңбекті қорғау, оның ішінде кәсіби тәуекелдер саласында басқарудың проактивті форматын енгізу жоспарлануда. Мұны еңбекті қорғаудың цифрлық картасын – кәсіптік тәуекелдер бойынша кәсіпорындардың дербестендірілген базасын құру арқылы іске асыру ұсынылады. Халықаралық «еңбекті қорғау барометрлерімен» ұқсастығы бойынша бұл онлайн-құрал қауіпсіз еңбектің барлық аспектілері бойынша бақылауда ұстауға мүмкіндік береді», – деді Ақмәди Сарбасов.

Өз кезегінде ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Мәселен, соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,5%-ға, қаза тапқандар саны 8,4%-ға азайды.

Зардап шеккендердің ең көп саны металлургия кешенінің кәсіпорындарына – 16,2%, құрылыс саласына – 15% тиесілі.

«Салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін біз шаралар кешенін қабылдап жатырмыз. 2022 жылдың қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін 119 лауазымды адам атқаратын лауазымынан босатылды, құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 1094 материал жіберілді, олар бойынша 192 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында жұмыс орындарында 7061 өндірістік объектіні аттестаттау өткізілді», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Сонымен қатар бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3211 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

2019 жылдан бастап «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда осы Тұжырымдамаға 572 кәсіпорын қосылды.

«ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі адамдарды «халық бақылаушылары» ретінде тартуды көздейтін «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде. Бүгінгі таңда 60 мыңнан астам жұмыскер жұмыс істейтін республиканың 240 кәсіпорны осы жобаны енгізді», – деп қосты ЕӘҚК басшысы.

Конференция барысында ЕАӨЕИА-ның бірқатар ішкі мәселелері талқыланды, мысалы, Альянс символикасы бар құжаттарға арналған бланкілерді бекіту, қатысушы елдердің үздік еңбек инспекторларын көтермелеу тетігі және үздік еңбек инспекторларын 1-ші рет марапаттауды ұйымдастыру, сондай-ақ Альянстың Еуро-Азия өңірі елдерімен ынтымақтастығының жаңа бағыттарын дамыту.