О. Ордабаев салалық сарапшылармен қазақстандық еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарын талқылады

О. Ордабаев салалық сарапшылармен қазақстандық еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарын талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың төрағалығымен Дүниежүзілік банк сарапшыларымен және Қазақстандық салалық консультанттармен бірлесіп ЕХӘҚМ мамандары әзірлеген ҚР Еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарының (бұдан әрі – кешенді жоспар) жобасында көзделген бастамаларды талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Дүниежүзілік Банктің, орталық мемлекеттік органдардың «Атамекен» ҰКП, ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілдері, сондай-ақ салалық және басқа да ұлттық сарапшылар қатысты.

Кешенді жоспар жобасына енген бастамалар қазақстандықтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге көмектеседі, олардың негізгі критерийлері лайықты еңбекақы (медианадан төмен емес), тұрақты жұмыспен қамту, әлеуметтік жеңілдіктер беру және қауіпсіз жұмыс ортасы болып табылады.

«Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері адами капитал мен еңбек нарығының инфрақұрылымын дамытумен тығыз байланысты экономиканы индустрияландыру болады», – деп атап өтті Олжас Ордабаев.

Өз кезегінде, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі – «ЕРДО» АҚ) президенті Дәулет Арғындықов кешенді жоспардың соңғы жобасына енгізілген бағыттар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығын индустрияландыру, өнеркәсіптік белдеуді (орталық және шығыс) қайта индустрияландыру, арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін пайдалана отырып, елдің оңтүстік өңірлерінде бастапқы индустрияландыру, шекара маңы аумақтарын еларалық экономикалық интеграцияға тарту, сыртқы және ішкі нарықтардағы белсенді сауда саясаты, инвестициялардың өсуі және жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру көзделеді.

«Құрылатын жұмыс орындарының сапасын арттыруды дамыту мен ынталандыруға салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, шағын және орта бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жоюға және белгілі бір жағдайларда мемлекеттік қолдау жүйесіне енгізуге, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың экономикаға қатысу дәрежесін қысқартуға бағытталған бірқатар бастамаларды іске асыру жолымен қол жеткізу жоспарлануда», - деп бөлісті Дәулет Арғындықов.

Сондай-ақ Кешенді жоспар шеңберінде бейресми сектордан жұмыс күшінің шығуын ынталандыру жөніндегі бағдарлама әзірленетін болады, Бизнестің көлеңкелі сектордан шығуын ынталандыру үшін салықтық демалыстар мен инфрақұрылымдық преференциялар беру мүмкіндігі қарастырылатын болады және т. б.

Еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту еңбек ресурстарының кәсіби және аумақтық ұтқырлығын, жұмыс орындарының инклюзивтілігін, цифрландыруды және әлеуметтік-еңбек саласының мемлекеттік қызметтерін белсенді көрсетуді, экономиканың қажеттіліктеріне еңбек ресурстарының басқарылатын экспорты мен импортын қамтамасыз ету есебінен жүргізілетін болады.

«Ел экономикасын тиісті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету кадрларды кәсіби даярлау жүйесін бағдарлау, сұранысты жедел қанағаттандыру үшін кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, урбанизацияны ескере отырып, ТжКБ ұйымдарының тиімділігін арттыру, өмір бойы оқыту мәдениетін қалыптастыру тетіктері арқылы көзделген.

Сұраныс пен ұсынысты тиімді ұштастыру, экономиканы тиісті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету жұмыс орындарының саны мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді, бұл сайып келгенде теңдестірілген еңбек нарығын қалыптастырады», – деді Дәулет Арғындықов.

Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында Дүниежүзілік банктің сарапшылары Хавьер Санчес Реаза мен Ямеле Риголини кешенді жоспарға өз пікірлерін білдірді.

Іс-шара соңында сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері кешенді жоспардың жекелеген бастамаларын талқылады.