О. Ордабаев елорда тұрғындарына әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңашылдықтар туралы айтты

О. Ордабаев елорда тұрғындарына әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңашылдықтар туралы айтты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Астананың бірқатар әлеуметтік объектілерінде болып, қала тұрғындарымен және әлеуметтік-еңбек саласының қызметкерлерімен кездесулер өткізді. Ол әлеуметтік қолдауды жақсартуға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар туралы айтты.

Вице-министр ең алдымен «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында болды. Олжас Ордабаев ұйымның жұмысымен оның базасында танысқаннан кейін білім беру, қоғамдық денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаментінің, «МӘСҚ» АҚ, «БЖЗҚ» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, қаланың жұмыспен қамту және медициналық-әлеуметтік қорғау орталығы мекемелерінің басшыларымен кездесті.

Ол халықты әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету Үкімет пен жергілікті билік органдарының маңызды міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

Олжас Ордабаев мемлекет балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Жаңа шаралар Парламент Сенаты жақында қабылдаған Әлеуметтік кодексте көрсетілген: бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту; атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге наградталған аналар мәртебесін беру және оларға жәрдемақы мөлшерін саралау; халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарына мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерін ұлғайту.

«Осы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Астана қаласы бойынша республикалық бюджет қаражатынан 300 млн теңге сомасына 4,7 мың адам бала күтімі бойынша жәрдемақы алды. Елордада кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың орнына 4 мың балаға қосымша төлем тағайындалды.

Астанада 6 мың марапатталған ана тұрады, оның ішінде 2,2 мың адам «Алтын алқа» алқаларымен, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған және «Батыр ана» атағын алған. Әлеуметтік кодекс күшіне енгеннен кейін 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін арттырылады», – деді Олжас Ордабаев.

Вице-министр Әлеуметтік кодексте әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту көзделгенін айтты. Бұған Қазақстанда енгізілген Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) ықпал ететін болады.

«ОЦК мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректерін жинақтайды, онда шамамен 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы мәліметтер бар. Цифрлық карта – бұл отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесі мен әл-ауқатының дәрежесіне сүйене отырып, адамдарға мемлекеттік қолдау туралы хабарлайтын электрондық хабарламаның бір түрі. Азаматтар SMS-хабарлама алады, олар оң жауап жібергеннен кейін жәрдемақылар мен төлемдер проактивті форматта тағайындалады.

Бүгінгі күні Астана қаласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін 3 109 азаматқа SMS жолданды, оның ішінде 454 адам тиісті қолдау шараларын алды», – деді Олжас Ордабаев.

Сондай-ақ, кездесу барысында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасының нормаларын сақтауы, өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру мәселелері талқыланды.

«Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын 8 277 кәсіпорын немесе белсенді заңды тұлғалардың жалпы санының 28,4% ғана жасасты. қаланың еңбек инспекциясы жұмыс берушілерді Еңбек кодексінің 23-бабының талаптарын орындау туралы хабардар ету жөніндегі жұмысты күшейту қажет, онда жұмыс беруші қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті деп жазылған», – деді Олжас Ордабаев.

Әрі қарай вице-министр халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыс берушілермен, жастармен және ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізді. Ол халықты жұмыспен қамту саласындағы шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Халықты жұмыспен қамтудың жаңа саясаты азаматтардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға көшуді көздейді.

Қазақстанда азаматтарды жұмысқа орналастыру үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасын іске асыру шеңберінде жұмысқа  орналастырылады. Биылдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша жаңа тетік – жастардың бизнес-идеяларын қолдау үшін жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредиттеу іске қосылды.

Астанада 7,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, биыл еліміздің бас қаласында 63,3 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, елордада осы жылы 562 микрокредит беру жоспарлануда, бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге қарастырылған», – деді Олжас Ордабаев.

Вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде сондай-ақ жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейту, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту және реттеу, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тарту, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға трансформациялау және қызметтерді ауқымды цифрландыру көзделіп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар вице-министр кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ, О.Ордабаев № 1 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына барады. Оның базасында неврологиялық аурулары бар балаларға арналған күндізгі оңалту орталығы және «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Вице-министр ұйымдардың жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен және қызмет алушылармен кездесулер өткізеді.