ЕХӘҚМ-де аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды

ЕХӘҚМ-де аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ағымдағы жылы аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы өтті.

Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице – министрі Назгүл Сағындықова, БҰҰ-ның Қазақстандағы халық саны саласындағы қорының (ЮНФПА), ҚРСЖжРА Ұлттық статистика бюросының, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, халықты жұмыспен қамту орталықтарының және белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының директорлары қатысты.

Отырыс барысында 2022 жылы аға буын азаматтарының «Белсенді ұзақ өмір сүру» жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын іске асыру қорытындылары қаралды және аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

БҰҰ-ның Қазақстандағы халық саны саласындағы қорының (ЮНФПА) өкілі Ғазиза Молдақұлова отырысқа қатысушыларға Мадридтің 2002 жылғы қартаю мәселелері жөніндегі халықаралық іс-қимыл жоспарының орындалуы жөніндегі жаһандық есепте Қазақстанның жағдайы туралы айтып берді.

«Әлемде халықтың демографиялық қартаю үрдісі байқалады, 65 және одан жоғары жастағы адамдар саны тұрақты өсуде. Елімізде жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша алдағы 30 жылда Қазақстанда аға буын тұлғаларының саны да артады деп болжануда. Ағымдағы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 300 мың адамды немесе ел халқының жалпы санының 11,6%  құрады», – деді Ғазиза Молдақұлова.

Ұлттық статистика бюросының өкілі Бақытқұл Өтеулина Қазақстандағы аға буын азаматтарының демографиялық жағдайы және 2020-2022 жылдардағы Белсенді ұзақ өмір сүру индексі туралы хабардар етті. Астана және Алматы қалаларының  белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының басшылары жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын одан әрі дамыту перспективалары туралы айтып берді.

«2021 жылы Министрлік 2025 жылға дейін «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекітті және аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия құрды. Аталған іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде барлық өңірлерде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу көзделген. 2023 жылғы 1 қаңтарға республика бойынша барлығы 63 орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ, өткен жылы алғаш рет «Қазақстанның аға буыны» статистикалық жинағы жарық көрді. Одан әрі ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау, басқа да мемлекеттік органдарды аға буын мәселелерін шешу үшін тарту қажет», – деп атап өтті вице-министр Назгүл Сағындықова.

Есептеу әлемнің 31 елінде жүргізіліп жатқан белсенді ұзақ өмір сүру индексінде 2022 жылы Қазақстан 17-орынға ие болғанын атап өткен жөн.

Белсенді ұзақ өмір сүру индексі шеңберінде егде жастағы азаматтардың білім деңгейінің жоғары болуы, сондай-ақ олардың әлеуметтік белсенділіктің, әлеуметтік байланыстардың отбасы ішіндегі түрлеріне тартылуы, дене белсенділігінің жоғары деңгейі және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануы байқалады.

БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының өңіріндегі қартаю мәселелері жөніндегі Мадрид халықаралық іс-қимыл жоспарын орындау бойынша халықаралық есептерде Қазақстан Мадрид іс-қимыл жоспарын орындау үшін қабылданған міндеттемелер шеңберінде халықтың қартаю мәселелерін есепке алу мен оларға ден қоюдың ұлттық тетіктерін тиімді енгізетін озық тәжірибесі бар ел ретінде атап өтілді.