Т. Дүйсенова депутаттарға әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы айтты

Т. Дүйсенова депутаттарға әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы айтты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасын депутаттарға таныстырды. ЕХӘҚМ басшысы құжаттың 5 новелласы туралы егжей-тегжейлі айтып өтті, оның бірі әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты.

Тамара Дүйсенова өз баяндамасында Қазақстандағы 5 әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды көздейтін қолданыстағы сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетінін атап өтті.

«Бұл жүйе сақталады, бірақ оның мақсатты міндеті өзгереді. Жүйе тек әлеуметтік төлемдер төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен ол азаматтарды формалды түрде жұмыспен қамтылуға ынталандыруды көздейтін болады», - деді министр.

Осы мақсатта Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Олар үшін салықтық жүктеме келесі жылы 33 %-дан 20 %-ға дейін төмендету қарастырылуда.

Яндекс Такси, Glovo және басқа да онлайн платформалардың көмегімен  жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері тарапынан онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады, олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді.

Бұдан бөлек, жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін  сақтандыру тарифтерін төмендету көзделеді. Ставкілердің ең төменгі және ең жоғарғы дәрежесі белгіленеді және осы дәрежені таңдау өндірістегі жазатайым оқиғалар, жарақат алу және кәсіптік ауруларға қарай анықталады.

«Ставкілерді төмендету бойынша қабылданатын шаралар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және сақтандыру компанияларынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтумен қатар жүретін болады. Келесі жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеу мерзіміне сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45% мөлшерінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемақы қарастырылған», - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі туралы айта келе, ЕХӘҚМ басшысы азаматтарды 3 санатқа бөлуге болатынын атап өтті.

Бірінші санат - 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан және толық еңбек өтілі бар қазақстандықтар. Олардың саны 300 мыңнан аса адам, базалық және еңбек зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Басым көпшілігінің зейнетақы мөлшері 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін құрайды.

Екінші санат - зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен зейнеткерлер, олар еңбек өтілі болғандықтан еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алып отыр. Олардың саны 1,9 млн адамды құрайды, 2030 жылға қарай 2,6 млн жетуі мүмкін. Бұл топтың жиынтық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңмен төмендетіледі, өйткені ынтымақты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюына және жинақтау жүйесіндегі қысқа мерзімді кезеңдегі жеткіліксіз зейнетақы жинақтарына байланысты.

Үшінші санат – бұл болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, БЖЗҚ-дан базалық және жинақтаушы зейнетақысын алатын болады.

«Қазіргі және болашақ зейнеткерлердің жағдайы қиындау. Бүгінгі зейнеткерлер толқыны үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейтіледі, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 АЕК-ке дейін немесе орта айлық жалақының 70 %-на дейін жеткізу арқылы өседі.

Ал зейнетақыны өз жинақтары есебінен қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасы енгізіледі.

Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осылайша бұл топтағы азаматтар зейнеткерлік жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер секілді зейнетақының 3 түрін алатын болады: мемлекет есебінен – базалық зейнетақы; жұмыс берушілер есебінен  – шартты-жинақтаушы зейнетақы; өз жинақтары есебінен - жинақтаушы зейнетақы.

Бұл шаралар азаматтарды бұрынғы табысына сәйкес лайықты зейнетақымен қамтамасыз етеді деп пайымдаймыз», - деп атап өтті министр.

Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекс жобасына салымшылардың өз активтерін басқару бойынша құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізілетінін айтты.

Ал белгіленген жеткіліктілік шектен зейнетақы жинақтарын азаматтар тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсайтын болады.

Салымшылар қалған немесе барлық жинақталған соманың  50%-дан аспайтын зейнетақы жинақтарының бөлігін активтерді басқару жөніндегі компанияға беруге және ол компанияны өздері таңдауға құқылы болады.

Бұл ретте зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік тек Ұлттық банк басқаратын жинақ бөлігіне ғана берілетінін атап өту қажет. 

Ал жеке басқаруға берілген зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдаған компания жауапты болады. Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді ескеруі қажет.