«Қазақстанның еңбек нарығы: цифрлық шындық жолында» ұлттық баяндамасы

«Қазақстанның еңбек нарығы: цифрлық шындық жолында» ұлттық баяндамасы

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) талдаушылары еңбек нарығы бойынша екінші ұлттық баяндама – «Қазақстанның еңбек нарығы: цифрлық шындық жолында» дайындады. Онда әлемнің әртүрлі экономикалары мен салаларын цифрландыру қалай жүріп жатқаны, оның кәсіптер мен дағдыларға қалай әсер ететіні, «технологиялық жұмыссыздық» бізге қауіп төндіретіні, жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесі қандай мүмкіндіктер беретіні және т.б. туралы өзекті ақпарат жинақталған.

Цифрландыру экономиканың құрылымын, еңбекті, қоғамдық жүйе мен әлеуметтік саланы қарқынды түрде өзгертеді. Ол тек өндіріске ғана емес, әр адамның күнделікті өміріне де еніп кетті. Жекелеген салалардың цифрлық трансформациясы бизнес-процестерді өзгертті, мұнда цифрлы тәсілге көшуді басымдыққа айналдырған компаниялар басым болды, технологиялар мен адами капиталға инвестиция салды.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, цифрлық экономика әлемдік ЖІӨ-нің 15,5% құрайды және соңғы 15 жылдағы әлемдік экономикадан екі жарым есе жылдам өсуде. Бірақ цифрландыру тәуекелдері қарастырылған кезде оның еңбек нарығына әсер ету дәрежесі бірінші кезекте алаңдаушылық тудырады.

«Жаңа технологиялар қазірдің өзінде еңбек әлемін өзгертуде, біз жақын арада қоғам «технологиялық жұмыссыздыққа» кезігеді және үлкен салдарға тап боламыз деп жиі естиміз. Бізді шынымен «жұмыссыз болашақ» күтіп тұрғанын, цифрландырудың қандай тәуекелдері мен мүмкіндіктері бар екенін түсіну үшін біз еңбек нарығы бойынша екінші Ұлттық баяндама дайындадық. Бұл ретте біздің зерттеуіміз белгіленген тақырып шеңберінен шығады, біз сондай-ақ әлемдегі және Қазақстандағы экономикаларды, жекелеген салаларды цифрландыруды, осы цифрлық жарыста табысқа жету үшін қандай кедергілер мен ықтимал шешімдерді қарастырдық», – деп атап өтті ЕРДО президенті Дәулет Арғындықов.

«Қазақстанның еңбек нарығы: цифрлық шындық жолында» ұлттық баяндамасын ЕРДО-ның iac.enbek.kz сайтында оқуға болады.

Ол 7 тараудан тұрады, олардың әрқайсысы цифрландыруға тікелей байланысты белгілі бір тақырыпқа арналған.

Зерттеу аясында ЕРДО талдаушылары Қазақстанды цифрландыру бойынша, оның ішінде халықаралық рейтингтер негізінде өзекті ақпаратты жинады. 2020 жылғы цифрлық даму индексіне сәйкес, цифрландырудың ағымдағы жай-күйі бойынша Қазақстан 90 елдің ішінен 55-орынды, ал цифрландыру қарқыны бойынша 20-орынды алады, бұл республиканы Ресей, Қытай, Үндістан, Индонезия және Польша сияқты елдермен қатар прогрессивті экономикалар санатына жатқызады. Дегенмен, қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, цифрлық шындыққа бар кедергілерді еңсеру маңызды: киберқауіпсіздік қаупі, цифрлық теңсіздік немесе ауыл мен қала тұрғындарының интернетке қолжетімділігі, кадрлар мен дағдылардың тапшылығы.

Цифрландыру нәтижесінде жұмыс орындарының қысқару ауқымын бағалау үшін ЕРДО талдаушылары халықаралық сарапшылардың қазіргі болжамдарын қарастырып, олардың барлығына неге күмән келтіруге болатынын түсіндірді. Бұл ретте сарапшылар цифрландырудың еңбек нарығына әсерін өз бағалауын жүргізді және Қазақстандағы қызмет түрлерінің 22%-ы автоматтандыру тәуекелі жоғары екенін анықтады, олар бойынша 587 мың адам немесе жұмыспен қамтылғандардың 7%-ы жұмыс істейді.

Цифрландыру жағдайында көптеген елдерде білікті IT-мамандардың жетіспеушілігі байқалады және ол Қазақстанды айналып өтпейді. Жақсы IT-кадрлардың болуы компаниялар мен мемлекеттің дамуының маңызды шарты болады. Сондықтан баяндаманың жеке тарауы талдау ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен алынған нақты деректер негізінде жүргізілген IT-нарықты шолуға арналған.

ЕРДО талдауына сәйкес, бүгінде 69,5 мың АКТ-маманның қазақстандық кәсіпорындармен 84,1 мың электрондық еңбек шарты бар, бұл АКТ-мамандардың 21%-ының бір мезгілде бірнеше ұйымдарда жұмыс істейтінін білдіреді. АКТ маманының орташа айлық жалақысы 516 мың теңгені, ал медианалық жалақысы 352 мың теңгені құрады. Баяндамада «backend, frontend, data science және cyber security» мамандарының саны мен жалақысы, IT-бағыт түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша жоғары оқу орындарының бағасы, сондай-ақ сұранысқа ие IT-дағдылар қарастырылған.

«Бізді әрқашан бүгінде әрбір адам университетте немесе колледжде оқымай-ақ, қысқа мерзімді оқудан өткеннен кейін IT маманы бола ала ма деген сұрақ қызықтырды. Біздің талдауымыздың нәтижесінде егер ол ІТ саласын шын ұнатса, бұл мүмкін жайт екенін білдік. Бүгінгі таңда жалдамалы АКТ мамандарының 56%-ы IT мамандығы бойынша оқымаған, яғни олар қысқа мерзімді дайындықтан өтіп, мансаптарын сәтті түрде өзгерткен. Әр түрлі бағыттар мен кәсіптердің сарапшылары, тіпті аспаздар немесе балабақша тәрбиешілері қазіргі таңда айти мамандарына айналуда», – деді баяндама авторларының бірі, ЕРДО Басқарушы директоры Александра Молчановская.

Сонымен бірге Ұлттық баяндама еңбек нарығының ажырамас бөлігіне айналған фриланс нарығы туралы да толық мәлімет береді. ЕРДО талдауына сәйкес, 2021 жылы Қазақстанда 1 млн 49 мың адам фрилансер болып жұмыс істеді, бұл ретте 228,3 мың адам үшін фриланс табыстың негізгі тәсілі болды, 820,5 мың адам бір мезгілде фрилансер ретінде де, жалдамалы қызметкер ретінде де жұмыс істеді.

Сондай-ақ, сарапшылар Қазақстанда 500 мыңға жуық адам жұмыс істейтін платформалық жұмыспен қамтуға шолу жасады. Онлайн-платформа өкілдерімен сұхбаттың арқасында (Яндекс.Такси, Naimi.kz, Glovo, Quick Work, InDrive пен  Chocofood) және олардың қызметкерлері қазіргі жағдайды бағалап, гиг экономиканың қатысушылары кездесетін кедергілерді анықтай алды.

Әрі қарайғы инновациялар мен экономикалық өсу, ең алдымен, адами капиталдың даму деңгейіне байланысты. Сондықтан ЕРДО сарапшылары қазіргі заманғы балаларды алдағы жаңа жұмыстарға дайындау қалай жүріп жатқанын, кәсіпорындар өз қызметкерлерін қалай оқытатынын және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін болашақтың қандай дағдыларын дамыту керектігін қарастырды.

«Мен сарапшылардың пікірімен бөлісемін, оқу қабілеті ХХІ ғасырдың басты дағдысы. Цифрлық дәуірде ештеңе өзгеріссіз қалмайды және біз үшін тез бейімделу, жаңа дағдыларды дамыту және мансап барысында бірнеше мамандықты өзгерту керек деп қорықпау маңызды, ал мемлекет бұған тек ықпал етеді. Жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесінің арқасында азаматтар Skills.enbek.kz-те жаңа дағдыларды игеруге, Enbek.kz арқылы жұмыс немесе жұмысшы табуға, Business.enbek.kz көмегімен өз бизнесін ашуға, Hr.enbek.kz арқылы еңбек қатынастарын онлайн ресімдеуге мүмкіндік алады. Біз сондай-ақ баяндамада әрбір платформамыз туралы егжей-тегжейлі айтып бердік», – деп бөлісті Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшысы Дәулет Арғындықов.

Баяндама үшін ақпарат көзі ретінде ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының материалдары, Ұлттық есептер, Дүниежүзілік банк, Дүниежүзілік экономикалық форум, халықаралық еңбек ұйымы, ЭЫДҰ, Вig 3 және Вig 4 компаниялары сияқты халықаралық ұйымдардың жарияланымдары, түрлі халықаралық мақалалар сөз сөйледі. Әр түрлі салалардың 40-тан астам халықаралық және Ұлттық сарапшыларының пікірлері бір немесе басқа мәселеге әртүрлі көзқарастарды көрсету үшін жиналды.

«Қазақстанның еңбек нарығы туралы екінші ұлттық баяндамасы экономиканы және еңбек нарығын цифрландырудың қарқыны мен перспективалары туралы қалың жұртшылық үшін сенімді ақпарат көзіне айналады және одан әрі мансаптық даму бойынша өзіндік жолбасшы іспетті болуы мүмкін, ол азаматтар үшін цифрлық трансформацияның «зияны» туралы мифтер мен күмәндарды жояды, сондай-ақ «Жаңа Қазақстан» жаңа даму стратегиясы аясындағы ұсыныстар мен пікірталастың тағы бір себебі болады деп үміттенеміз», – ЕРДО президенті Дәулет Арғындықов.