Әйелдердің зейнеткерлік жасын 58 жасқа дейін төмендету және 13-ші зейнетақыны енгізу туралы ақпарат – жалған

Әйелдердің зейнеткерлік жасын 58 жасқа дейін төмендету және 13-ші зейнетақыны енгізу туралы ақпарат – жалған

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ҚР Президентінің Жарлығымен 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 58 жасқа дейін төмендетілетіні, сондай-ақ Қазақстанда 13-ші зейнетақы төлемін енгізу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған шешіміне сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдер үшін зейнеткерлік жасты кезең-кезеңімен арттыру 5 жыл мерзімге 61 жас деңгейінде тоқтатылады.

Зейнетақы төлемдеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру базалық және ынтымақты зейнетақы, сондай-ақ азаматтардың міндетті зейнетақы жарналарын аудару есебінен қалыптастырылатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) төлемдер арқылы жүзеге асырылатынын хабарлаймыз.

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 268 мың адам.

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық және ынтымақты зейнетақы) 108 993 теңгені құрады (БЖЗҚ төлемдерін есепке алмағанда).

Азаматтардан фейктерге назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден пайдалануды сұраймыз.

Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланады.