Т. Дүйсенова Мемлекет Басшысы тапсырмаларын орындау барысы туралы хабардар етті

Т. Дүйсенова Мемлекет Басшысы тапсырмаларын орындау барысы туралы хабардар етті

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет Басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас  ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларын іске асыру барысы туралы баяндады.  

Тамара Дүйсенова сөз басында Мемлекет Басшысы өз Жолдауында жастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және еңбек ресурстарының сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өтті.

Жыл сайын республика бойынша 300 мыңнан астам жас адам еңбекке қабілетті жасқа жетіп, еңбек нарығына шығады. 2030 жылға қарай жұмыс күшіндегі жастар үлесі 60 пайызға жетеді деп күтілуде.

Олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және жеке бастамалар аясындағы жобалар бойынша жыл сайын жастар үшін мемлекет тарапынан субсидияланатын 100 мыңнан астам жұмыс орындары ашылатын болады.

«Жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамту кеңейеді. Жыл сайын 40 мың түлек жастар тәжірибесіне қатысады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушылар үшін жастар тәжірибесінің бөлігі ретінде төленетін тиісті төлемдерге тең болатындай қосымша жәрдемақы белгіленеді. «Алғашқы жұмыс» жобасы ҰБТ тапсыра алмаған немесе оқуын жалғастырмаған мектеп түлектеріне арналып, қайта бағытталатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.

Еңбек және халықты әлеуеметтік қорғау министрі Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік агрокредиттік корпорациямен бірлесіп, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берудің тетіктері мен параметрлерін әзірлеп жатқанын қосымша айтып өтті. Жыл сайын бұл қолдауды 6 мыңға дейін жас пайдаланады. Бұл мақсаттарға бюджетте қарастырылған сома жыл сайын шамамен 30 миллиард теңгені құрайды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы жастарға бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін жыл сайын 1,2 миллион теңгеден астам сомаға 9 мың қайтарымсыз гранттар берілетін болады.

Сондай-ақ Министр Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодекс жобасы аясында еңбек ресурстарының сапасын арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қарастырылғанын айтты. Құзыреттілікті арттыру үшін қызметкердің, жұмыс берушінің және мемлекеттің бірлескен жауапкершілігін көздейтін жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы қалыптастырылды.

«Ұлттық біліктілік жүйесін қайтадан жүктеу шеңберінде: жұмыс берушілердің қатысуымен кадрларды даярлаудың мемлекеттік тапсырысына бағдарланатын кәсіби стандарттарды әзірлеу; біліктілікті бағалаудың тәуелсіз орталықтары институтын іске қосу және жұмыс берушілердің қызметкерлерді оқыту үшін қосымша материалдық ынталандыруын енгізу қарастырылады.

Персоналды аттестациялау біліктілікті де, жеке дағдыларды да тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сертификат жоқ болса да, ол жұмысқа қабылдауға негіз болады», - деп атап көрсетті Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар реттелетін ішкі көші-қонды ұйымдастыруға және сұранысқа ие, тапшы мамандықтар бойынша жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту көзі ретінде сыртқы көші-қонға жаңа тәсілдерді енгізуге бағытталған Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленді.

«Қазақстандық кадрлардың біліктілігін арттыру үшін құнды дағдылар рейтингі қалыптастырылды. Оны ескере отырып, университеттеріміздің ғылыми әлеуетін арттыру үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша кемінде 100 жетекші ғалымдарды және тапшы мамандықтар бойынша 100-ден кем емес білікті шетелдік мамандарды елге тарту жоспарлануда.

«Қазақ картасы» 100 этникалық қазаққа – жоғары деңгейдегі кәсіпқойлар немесе табысты бизнес-кейстерді жүзеге асырған және оны Қазақстанда кеңейтуді қалайтын басқа елдердің азаматтарына беріле отырып енгізіледі», - деді Еңбекмині басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің солтүстік және орталық өңірлеріне реттелетін ішкі көші-қонды ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралды.

Әрбір қабылдаушы өңір қоныс аударуды ынталандыру үшін жұмыс күші тапшылығын сезініп отырған экономиканың басым секторларын анықтайтын арнайы өңірлік бағдарлама әзірлеуде.

Еліміздің басқа өңірлерінде құрылған қолданыстағы бизнес-жобаларды көшіруді және кеңейтуді көздейтін солтүстік және орталық өңірлер үшін 100 бизнес-жобадан тұратын кейс қалыптасады.

Қоныс аударуды ынталандыру үшін қоныс аудару аумағындағы тұрғын үй құнының 50% дейін өтемақы алуға құқық беретін ұтқырлық сертификаты енгізіледі.

Мемлекет Басшысы айқындаған келесі басымдық – халықтың табысын арттыру, жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау және халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау шараларын күшейту.

«Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесін әзірлеуге кірістік. Жұмысты келесі жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған. Әдістемені іске асыру негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеуге теңгерімді пайымды қамтамасыз етеді.

Президент жариялаған келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны көтеру бастамасы жалақысы ең төменгі жалақы деңгейінде болған 1 миллион 800 мың қызметкерге әсер етеді. Ол сондай-ақ басқа жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақысына санаттары мен біліктіліктерінің ықпалын ескере отырып, олардың табысын арттырады.

Сонымен қатар биылғы жылдың басынан бері жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 1,8 мыңға жуық жұмыс беруші 1,2 миллионнан астам жұмыскер жалақысын орташа есеппен 5-тен 50 пайызға дейін өсірді», — деді Тамара Дүйсенова.

2023 жылдан бастап Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша жұмысынан айырылғаны үшін төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де жұмыспен қамтылған азаматтар табысының 45%-ына дейін ұлғайтылады.

Жұмыспен қамтылған азаматтардың құқықтарын қорғаудың тағы бір шарасы Әлеуметтік кодексте көзделген еңбек нарығын ырықтандыру және икемді жұмыспен қамтудың әлеуметтік-құқықтық кепілдіктерін жасау болмақ. Бұл онлайн платформалар арқылы жұмыспен қамтылған жарты миллионнан астам қазақстандықтың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Оларға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді және қазіргі уақытта олардан айырылған Әлеуметтік сақтандыру қорынан медициналық көмектің сақтандыру пакетін алу құқығы беріледі.

«Үкіметке атаулылықты, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік көмек жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеті қойылды. Ол, ең алдымен, «электрондық хабарлаушы» ретінде азаматты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың сол немесе басқа түрін алуға құқығының пайда болуы туралы хабардар ететін, Цифрлық отбасы картасын енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады, оның көмегімен тиісті органдарға жүгінусіз проактивті форматта қызметті көрсету қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Цифрлық картада 6 миллион отбасы мен олардың 19 миллион мүшесі туралы ақпарат жинақталған.

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы 5 қызмет бойынша жоба пилоттық режимде іске қосылды. Бір айға жетпейтін уақыт ішінде «Цифрлық отбасы картасы» арқылы 5 мың азаматқа проактивті форматта мемлекеттік қолдау шаралары тағайындалып үлгерді», - деп хабарлады ЕХӘҚМ басшысы.

Министр жыл соңына дейін қызметтер тізімі кеңейтілетінін  атап өтті. 2025 жылға қарай Цифрлық карта әлеуметтік, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрін қамтитын болады.

Тамара Дүйсенова балалы отбасыларды қолдау ұлттық саясаттың басымдығы болып қала беретінін баса айтты.

Үкімет пен Ұлттық банк Мемлекет Басшысының 2024 жылдан бастап «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасын іске қосу туралы бастамасын іске асыру тетігін әзірлеуде.

Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзарту бұл жұмыс істейтін ата-аналарға да, жұмыс істемейтін ата-анаға да қатысты болады.

«Бүгінде 552 мыңға жуық жұмыс істейтін және 60 мыңнан астам жұмыс істемейтін ата-ана бар. Бұл ретте жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан олардың жалақысының 40 пайызы мөлшерінде төлем төленетін болады.

Жұмыс істемейтін ата-аналар және бала туғанға дейін соңғы екі жылда 6 айдан аз еңбек өтілі бар адамдар жәрдемақы мен төлемдерді тек мемлекеттік бюджет есебінен алуға өтініш бере алады.

Осы мақсаттарға республикалық бюджетте қосымша 183,5 млрд теңге қарастырылады», - деп түсіндірді ЕХӘҚМ басшысы.

Министр балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған бірқатар қосымша шаралар Әлеуметтік кодексте де қарастырылғанын айтты:

- «Наградталған аналар» жаңа мәртебесін енгізу және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін арттыру (7,4 АЕК-ке дейін);

- 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік пакетті монетизациялау 190 мыңнан астам АӘК алушы отбасына әсер етеді. Бұл ата-аналарға баланың жеке қажеттіліктеріне негізделген өнімдерді өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтар аясында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі қайта қаралды.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту мыналарды көздейді:

- қызметтерді проактивті көрсетуге көшу, мүгедектікті анықтаудың сырттай түрін енгізу;

- Порталды пайдаланушылардың әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарын, әлеуметтік қызметкерлерді және техникалық оңалту құралдарын өз бетінше таңдау мүмкіндігімен Әлеуметтік қызметтер порталын одан әрі жетілдіру;

- мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасы мүшелерін жеке көмекшілер ретінде тарту. Олардың еңбегіне ақы төленеді, әлеуметтік аударымдар жасалады, зейнетақы тағайындау кезінде осы қызметі еңбек өтіліне есептеледі;

- әсіресе, ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін шағын ұйымдар ашқан жеке сектор субъектілеріне мемлекеттік тапсырысты кеңейту арқылы мектеп-интернаттарды шағындап бөлшектеу.

«Қызмет көрсетудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу үшін жаңа стандарттар әзірленетін болады. Баға саясаты қайта қаралады. Жалпы тарифтердің орнына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы стандарт және өтемдік техникалық құралдарды жеткізетін ұйымдар үшін шекті бағалар енгізіледі.

Осы шаралардың барлығы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырып, мұқтаж азаматтар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл мақсаттарға ел бюджетінде шамамен 37 млрд теңге қарастырылады», - деп толықтырды өз сөзін Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ, ЕХӘҚМ басшысы әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін ұлғайтуға Президент жариялаған мораторий туралы да жан-жақты айтып берді.

«Бүгінгі таңда елімізде 325 мыңнан астам еңбекке қабілетті жастағы, табысы жоқ әйелдер бар. Тиісінше, олар мемлекеттен алатын ең төменгі базалық зейнетақыға ғана сене алады, бүгінде ол 20 мың теңгеден сәл-ақ асады, 2023 жылдан бастап ол 24 мың теңге болады.

Біздің міндетіміз – осы кезеңде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен барынша қамту. «Күміс жас» жобасына қатысушылардың шекті жасы төмендетілді, енді жобаға 50 жастан асқан әйелдер де қатыса алады. Жалақы мемлекет тарапынан субсидияланып, кем дегенде 100 мың теңгені құрайтын болады. Бұл әйелдерге еңбек өтілін, аударымдарды алуға және зейнетақы жинақтарын толықтыруға мүмкіндік береді. Жобаға қатысқан жағдайда көрсетілген 5 жыл ішінде әйел 70 мың теңге көлемінде зейнетақыға үміт арта алады», - деді Министр.

Ол 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңмен арттыру зейнетақының өсуіне ықпал ететінін айтты. Бұл ретте жылдық өсім шамамен 13%-ды құрап, барлық 2,2 миллион зейнеткерге әсер етеді. Сонымен қатар, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, бұл зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді.

Жалпы, жаңа шаралар кешені 2025 жылға қарай зейнетақының жалпы көлемін орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл шараларды жүзеге асыруға бюджеттен 1,3 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Жұмыс берушілерден қызметкердің пайдасына міндетті зейнетақы жарналары есебінен шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу де зейнетақы мөлшерін арттыруға ықпал етеді. Бұл норма 2024 жылдың қаңтарынан бастап 5 жылға кезең-кезеңімен енгізіледі.

«Осы және басқа да жаңашылдықтар әзірленуі аяқталған Әлеуметтік кодекс жобасында қарастырылғанын атап өтемін. Қазіргі уақытта заңнамада көзделген келісу рәсімдері жүргізілуде. Кодекс мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бірыңғай іргелі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын болады.

Ол азаматтардың бүкіл өмірлік циклі бойына кепілдік берілген әлеуметтік құқықтары туралы ақпараттың бірыңғай көзіне айналады», - деп түйіндеді сөзін Тамара Дүйсенова.