ЕХӘҚМ және БҰҰ БЖКБ Көші-қон комитеті мен әкімдіктердің қызметкерлері үшін босқындар мәселелері бойынша тренинг өткізді

ЕХӘҚМ және БҰҰ БЖКБ Көші-қон комитеті мен әкімдіктердің қызметкерлері үшін босқындар мәселелері бойынша тренинг өткізді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен (бұдан әрі – БЖКБ) бірлесіп ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері үшін босқындар мәселелері бойынша тренинг өткізді.

Тренинг барысында БЖКБ өкілдері босқындар мен пана іздеген адамдар мәселелері бойынша халықаралық стандарттар мен ҚР ұлттық заңнамасы және оларды әртүрлі жағдайларда қолдану ерекшеліктері туралы айтып берді.

Тренингке қатысқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов босқындардың құқықтық жағдайын дұрыс анықтаудың, сондай-ақ оларға сапалы қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.

«Босқындар мен республика аумағында пана іздеген адамдар мемлекеттің қорғауында болады: құқықтық көмекпен қатар олар ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдардан материалдық және гуманитарлық қолдау алады. Бұл шаралардың барлығы мұқтаж адамдарға Қазақстанның 1951 жылғы босқындар мәртебесі туралы конвенцияға қатысуының арқасында, сондай-ақ пана іздеген адамдардың және Қазақстан аумағындағы босқындардың құқықтық жағдайын анықтауға бағытталған «Босқындар туралы» Заңымыздың нормалары шеңберінде қолжетімді», – деді Ақмәди Сарбасов.

Тренингтің негізгі мақсаты жоғарыда көрсетілген заңды және заңға тәуелді актілерді 1951 жылғы босқындар мәртебесі туралы Конвенцияның халықаралық стандарттарына және оған 1967 жылғы Хаттамаға сәйкес қолдануда бірыңғай тәсілді қалыптастыру болып табылады.

Тренинг барысында сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің жиі қойылатын сұрақтары, құқықтық нормаларды түсіндірудегі қиындықтар қаралды және туындаған мәселелерді шешудің бірыңғай тәсілі әзірленді.

«Біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен босқындар мәселелері бойынша ұлттық заңнама мен тәжірибені жетілдіру жөніндегі ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Тренинг уәкілетті органдардың қызметіндегі өзекті мәселелерді анықтауға және босқындар мен пана іздеушілерге қатысты мемлекеттік саясатты дамыту бағытын нақты анықтауға көмектеседі, бұл олардың мәселелерін ұзақ мерзімді шешуге ықпал етеді», – деді БҰҰ БЖКБ Орталық Азия бойынша өкілінің орынбасары Думитру Липкану.

2022 жылдан бастап босқындар мәселелері жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер ЕХӘҚМ-ге берілді. 2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда 673 босқын және пана іздеушілер болған, олардың көпшілігі – Қазақстанда ұзақ уақыт тұрып жатқан Ауғанстаннан келгендер.

БЖКБ 2022 жылға арналған бірлескен іс-шаралардың екіжақты жоспары шеңберінде ЕХӘҚМ-мен ынтымақтастықты жалғастырады.