Балалы отбасыларға біржолғы жәрдемақы төлеу туралы ақпарат- фейк

Балалы отбасыларға біржолғы жәрдемақы төлеу туралы ақпарат- фейк

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға «Kaspi gold» мобильді қосымшасындағы әлеуметтік шот арқылы біржолғы жәрдемақы төленетіні туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.

Естеріңізге сала кетейік, «Kaspi gold» қосымшасында республикалық бюджеттен бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны ресімдеу бойынша мемлекеттік қызмет жүзеге асырылған. Бірінші, екінші, үшінші бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері 116 394 теңгені (38 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаға – 192 969 теңгені (63 АЕК) құрайды. 1 мамырдағы жағдай бойынша бұл жәрдемақыны 18,4 млрд теңге сомасына 134,1 мың адам алды.

Сондай-ақ жоғарыда көрсетілген қосымша арқылы азаматтар республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы ресімдей алады. Жәрдемақы мөлшері отбасындағы балалар санына байланысты сараланады. Осы жылы бірінші балаға ай сайын 17 643 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға – 20 860 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға – 24 045 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаға – 27 261 теңге (8,90 АЕК) төленеді. 1 мамырдағы жағдай бойынша бұл жәрдемақыны орта есеппен 46,5 мың адам 4,7 млрд теңге сомаға алды.

Азаматтардан жалған ақпараттарға назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден пайдалануды сұраймыз.

Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат тарату заңмен жазаланады.