Р. Сәкеев соғыс ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары туралы хабардар етті

Р. Сәкеев соғыс ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары туралы хабардар етті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлы Отан соғысында Жеңіске үлес қосқан ҰОС ардагерлері мен басқа да санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты.

Өз сөзінің басында ол осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 381 ҰОС ардагері және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске жетуге үлес қосқан 97 758 азамат тұрып жатқанын хабарлады. Олардың ішінде: Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 92 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 212 адам; Ұлы Отан соғысында қайтыс болған мүгедектердің әйелдері (күйеулері) – 3 221 адам; Ұлы Отан соғысы уақытында қаза тапқандардың жесірлері – 6 адам; тыл еңбеккерлері – 74 116 адам; Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген басқа да адамдар – 20 111 адам.

 «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) атынан баршаңызды келе жатқан жарқын мереке – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Әр адамның міндеті – өз елінің тарихын білу және құрметтеу, Жеңісті барлық ұрпақтың жарқын болашағы үшін жақындатуда майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау!

ҰОС кезінде 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық майданға шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиялары және басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметтері үшін жүздеген мың қазақстандықтар медальдар мен ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет Батыр атанып, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін жанын берді – олар шайқаста қаза болды, жаралар мен аурулардан қайтыс болды және хабарсыз кетті. 630 мың адам тұтқыннан оралмады», – деді Руслан Сәкеев.

Вице-министр Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Қарт адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық және жергілікті деңгейлерде жүзеге асырылады.

Біріншіден, жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғаюда. Азаматтардың 20 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады.

2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып, ай сайын алатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

- ҰОС қатысушылары үшін – 193 714 теңге (289 адам);

- ҰОС мүгедектері үшін – 201 615 теңге (98 адам);

- басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері үшін (Ауғанстанда, Вьетнамда, Алжирде, Египетте, Иракта және т. б.) – 205 041 теңге (24 943 адам);

- ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар үшін – 161 174 теңге (3 886 адам);

- ҰОС мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар үшін-124 409 теңге (14 780 адам);

- ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне – 132 060 теңге (69 248 адам).

Екіншіден, ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетілуде. Олардың барлығы әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторлық-курорттық емдеу ұсынылады.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар бюджет және тартылған (демеушілік) қаражат есебінен ардагерлерге қиын өмірлік жағдайда қалғанда  немесе мерекелік (естелік) күндерге материалдық көмек түрінде қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді: тұрғын үйді жөндеу (21,1 млн теңгеге 84 ардагер), отынмен қамтамасыз ету (13,7 млн теңгеге 622 адам), қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (45,3 млн теңгеге 7 430 адам), дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде (56,6 млн теңгеге 1 796 адам), тіс протездеуде (68,8 млн теңгеге 848 адам) және т.б. жәрдем.

Үшіншіден, жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар азаматтардың келесі санаттарына 5,4 млрд теңге сомасында біржолғы көмек көрсетуді көздеп отыр:

- ҰОС қатысушылары мен мүгедектері – 381 адам;

- Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 92 адам;

- концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 212 адам;

- қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдері (күйеулері) – 3 221 адам;

- ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлері – 6 адам;

- тыл еңбеккерлері - 74 116 адам;

- ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген басқа тұлғалар – 20 111 адам.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС жеңісіне үлес қосқан азаматтардың барлық көрсетілген санаттары үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін белгілеуді ұсынды. Нәтижесінде барлық өңірлерде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері үшін біржолғы материалдық көмек кемінде 1 млн теңге (Ақтөбе облысында – 2 млн теңге) көлемінде көрсетілетін болады. Концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына – кемінде 100 мың теңге. Қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне – кемінде 60 мың теңге. Ұлы Отан соғысында қайтыс болған мүгедектердің әйелдеріне және тыл еңбеккерлеріне – кемінде 30 мың теңге», – деп хабарлады Руслан Сәкеев.

Вице-министр сондай-ақ, бүгінгі таңда ҰОС ардагерлеріне төлемдер барлық өңірлерде жүргізілгенін атап өтті. Қалған санаттар бойынша төлемдер 9 мамырға дейін аяқталады.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етіледі.

Төртіншіден, мемлекет әлеуметтік заңнаманы жетілдіру бойынша тұрақты негізде шаралар жүргізуде. Осылайша, 2020 жылы «Ардагерлер туралы» заң қабылданды, онда ардагерлерге берілетін жеңілдіктер мен кепілдіктер шоғырландырылды. Ол жаңадан енгізілген ардагерлер санаттарының ішінен 11 мың адамға ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға, сондай-ақ ардагерлер үшін барлық жеңілдіктер мен кепілдіктерді пайдалануға мүмкіндік берді.

Бұдан басқа, 2021 жылы «Ардагерлер туралы» заңға зейнеткерлік жасқа толған, жалпы жұмыс өтілі 40 жылдан астам, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл, сондай -ақ еңбек қызметінде ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген – «Еңбек ардагері» медалімен наградталған адамдарды еңбек ардагерлеріне жатқызуды көздейтін өзгерістер енгізілді.

«Осы жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде Таулы Қарабақтағы жауынгерлік іс-қимылдар кезеңін 1991 жылдың соңына дейін ұзарту көзделіп отыр. Нәтижесінде этникааралық қақтығысты реттеуге қатысқан тағы 593 әскери қызметші ардагер мәртебесін алады», – деп толықтырды сөзін Руслан Сәкеев.