ҚР Еңбекминінің Әдеп жөніндегі уәкілі мен ШҚО бойынша МӘС бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын талқылады

ҚР Еңбекминінің Әдеп жөніндегі уәкілі мен ШҚО бойынша МӘС бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын талқылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Өркен Алшынбаева ҚР Еңбек министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Кездесуде ҚР Еңбекминінің Әдеп жөніндегі уәкілі «Мемлекеттік қызметтегі мінез-құлықтың этикалық нормалары және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу» туралы баяндама жасады. Алшынбаева сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ҚР заңнамасын және жаңа редакциядағы ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша түсіндірме жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттеріне негізделген, өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметте парасаттылық атмосферасын құруға бағытталған қызметтік әдеп стандарттары көзделген.

Өз кезегінде, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуге, мемлекеттік аппараттың парасаттылығын арттыруға ерекше назар аударылған.

Тұжырымдама нормаларын түсіндіру үшін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Башев Талғат шақырылды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңалықтарына егжей-тегжейлі тоқталды.

Жиын соңында ҚР Еңбекминінің Әдеп жөніндегі уәкілі кездесуге қатысушыларды жоғары кәсіби және әдепті мемлекеттік қызметші болуға шақырды.