
ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Өз сөзінің басында Бас мемлекеттік еңбек инспекторы ел кәсіпорындарындағы жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Миниcтрлік жанынан құрылған Ахуалдық орталық шеңберінде күн сайын нақты режимде елдің проблемалық кәсіпорындарындағы жағдай қадағаланады. Жедел ақпарат барлық мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға беріледі.
«Ахуалдық орталықтың мониторингіне проблемалары бар 500 кәсіпорын енгізілді, оның 448 кәсіпорындағы жағдай шешілді және олар мониторингтен алынды. Бүгінгі таңда тәуекелдер әлі де 52 кәсіпорында сақталуда және олар бойынша жергілікті атқарушы органдар шаралар қабылдауда», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Ол сондай-ақ, осы жылдың басынан бастап мемлекеттік еңбек инспекторлары 306 кәсіпорында 1,6 млрд теңге сомасында жалақы бойынша берешекті анықтағанын атап өтті. Қабылданған шаралар, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 1,3 млрд теңге төленді.
«Әлеуметтік диалог аясында 1,5 мың кәсіпорында 1 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын орта есеппен 5-тен 50% - ға дейін арттыру бойынша жұмыс жүргізілді», – деп хабарлады Төлеген Оспанқұлов.
Өңірлердің прокурорларымен бірлесіп, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы нормаларын сақтауы тұрғысынан саны 30-дан астам шетелдік жұмыс күшін тартатын 64 кәсіпорында тексерулер жүргізіледі. Тексерулердің қорытындылары Бас Прокуратураға біздің және шетелдік азаматтардың арасында еңбекақы төлеу мен жағдайлар жағдайлар жасауда теңсіздікке жол берген адамдарды жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау үшін ұсынылады.
«Соңғы уақытта еліміздің жекелеген өңірлерінде еңбек жанжалдары орын алды. Көбінесе олар стихиялық ереуілдерге көшеді.
Әлеуметтік-экономикалық талаптарды қанағаттандыру үшін жұмысшылар ереуіл жариялауға құқылы, бірақ бұл үшін татуластыру рәсімдерінің кезеңдерінен өту керек, әйтпесе ол заңсыз деп танылады.
Ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі Еңбек кодексінде нақты анықталған: алдымен татуластыру комиссиясында, еңбек төрелігінде, мәселелер реттелмеген жағдайда – сот тәртібімен шешіледі.
Осыған байланысты азаматтарды жоғарыда аталған мәселелерде еңбек заңнамасының нормаларын мүлтіксіз сақтауға шақырамыз», – деп атап өтті Төлеген Оспанқұлов.