Еңбек қатынастарын реттеу мәселелері және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар Республикалық үшжақты комиссия отырысында қаралды

Еңбек қатынастарын реттеу мәселелері және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар Республикалық үшжақты комиссия отырысында қаралды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның (бұдан әрі – РҮК) кезекті отырысында еңбек қатынастарын реттеу, «Теңізшевройл» ЖШС босатылатын жұмыскерлерін жұмыспен қамту бойынша шаралар көрсету мәселелері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы қаралды.

Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Қаржы, Әділет, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, әлеуметтік серіктестердің, «Теңізшевройл» ЖШС өкілдері, сондай-ақ облыстар, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов отырысқа қатысушыларды еңбек қатынастарын реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Ол бүгінгі таңда Қазақстанда 6,7 млн адам жұмыс істейтін 340 мыңнан астам белсенді кәсіпорын бар екенін хабарлады.

«Жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды 246 мемлекеттік еңбек инспекторы жүзеге асырады, олар 2021 жылы 5 130 тексеру жүргізді, нәтижесінде 10 783 бұзушылық анықталды. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 3 371 ұйғарым беріліп, 278,2 млн теңге сомасына 1 334 айыппұл салынды», – деді Серік Шәпкенов.

Еліміздің кәсіпорындарында 1465 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға төмен (2020 жылы – 1503 адам). Бұл ретте 200 адам қайтыс болды, бұл 205 адам қайтыс болған 2020 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға төмен.

«Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау және олардың нәтижелері бойынша шаралар кешенін іске асыру үшін 4 206 өндірістік объект аттестаттаудан өткізілді, 15,5 мыңнан астам өндірістік кеңестер құрылды, онда 18 мыңнан астам техникалық инспектор ішкі бақылауды жүзеге асырады. Бұдан басқа, 2 796 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық стандарттар енгізілді (OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ)», – деп хабарлады Еңбекминінің басшысы.

Ол сондай-ақ өткен жылы 164 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасын енгізгенін, 292 кәсіпорын «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылғанын атап өтті.

Отырыс барысында «Теңізшевройл» ЖШС (бұдан әрі – ТШО) өкілдері кәсіпорынның босатылатын жұмыскерлерін жұмыспен қамту бойынша көрсетілетін шаралар туралы хабардар етті. 2021 жылдың басында болашақ кеңейту жобасының және сағалық қысымды басқару жобасының аяқталуы нәтижесінде 4 649 адам босатылды, оның 37% - Атырау облысының тұрғындары. 1 286 адам ТШО жобалары ішінде және 594 адам ұйымнан тыс жұмыс орындарына ие болды. Қалған қызметкерлер үшін жергілікті атқарушы органдар жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Өз кезегінде Серік Шәпкенов мемлекеттік органдар ТШО-мен бірлесіп, 2021-2023 жылдарға арналған «Теңізшевройл» ЖШС-нің босатылып жатқан жұмыскерлерін жұмыспен қамту және жоспарлы босатуды мониторингілеу бойынша іс-шаралардың жол картасын бекіткенін хабарлады.

«Өткен жылдың басында республика бойынша жұмыс орындарын сақтау бойынша 144,8 мыңнан астам меморандум жасалды. Жұмыс берушілер алған міндеттемелерін орындау кезінде 2,8 млн жұмыс орнын сақтау қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті Еңбекминінің басшысы.

Бұдан басқа, РҮК мүшелері қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ететін еңбекті қорғауды басқарудың бағдарланған ұлттық жүйесінің тәуекелін дамыту мақсатында әзірленген Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын (бұдан әрі – тұжырымдама) мақұлдады. Тұжырымдама шеңберінде 2030 жылға қарай 4 негізгі міндет айқындалды:

– Тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту;

– кәсіптік тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру;

– еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту;

– еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру.

Тұжырымдаманы іске асыру барысында 2030 жылға қарай зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер санын 15%-ға дейін төмендетуге қол жеткізу, өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендер санын 0,24-ке дейін (1000 жұмысшыға) төмендету, сондай-ақ еңбек заңнамасының сақталуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы санына еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үлесін 15%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

Отырыс соңында Премьер-Министрдің орынбасары қызметкерлердің еңбек құқықтары мен жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруды, жұмыстан босату, жұмыскерлердің еңбек құқықтарының қысқаруы және басқа да бұзылу тәуекелдеріне тұрақты мониторинг жүргізуді, өндірістік жарақаттанудың өсуіне жол беретін жұмыс берушілерге шаралар қабылдауды, сондай-ақ еңбек жанжалдарына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Ералы Тоғжанов әлеуметтік әріптестік қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін, еңбек кепілдіктерін сақтау, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру тетіктерінің бірі болып табылатынын атап өтті.