Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы

Үшінші желтоқсанда Халықаралық мүгедектер күні атап өтіледі. Қазақстанда 702 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 702,1 мың мүгедектігі бар адамның 424,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60,5%), 180,7 мыңы зейнеткерлік жаста (25,7%) және 96,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (13,8%).

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат олардың қоғамға толыққанды кірігуіне және халықтың осы санаты басқалармен теңдей өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және т. б. үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталған.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдауды; әлеуметтік оңалту шеңберінде организмнің жоғалтқан функцияларының орнын толтыруды; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді.

Мүгедектігі бар адамдар көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері ескеріле отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

«Мемлекет тұрақты негізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша шаралар қабылдауда. 2020 жылы әлеуметтік төлемдерге, техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 455 млрд теңге бөлінді, ағымдағы жылы осы мақсаттарға 486 млрд теңге көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде тіршілік әрекетінің барлық бағыттары бойынша кешенді шаралар қабылдануда» – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (бұдан әрі – МӘЖ) алушылардың саны 524,5 мың адамды құрайды. 2021 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша МӘЖ төлеуге 257,9 млрд. теңге жұмсалды.

Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ-дің орташа мөлшері 48 690 теңгені құрады.

«Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары (бұдан әрі – ОТҚ) мен қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Жыл басынан бері Портал арқылы 266 мыңнан астам мүгедектігі бар адам ОТҚ, 6 мыңнан астамы – ымдау тілі қызметін, 33 мыңнан астамы – жеке көмекшінің қызметін, 55 мыңға жуығы – санаторлық-курорттық ем алды», – деп толықтырды Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында Еңбекмині мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру және олар алатын қызметтердің сапасын арттыру мақсатында заңнаманы жетілдіру бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Осы жұмыстың іске асырылуын бақылауды Министрліктің жобалық офисі жүзеге асырды.

«Мемлекет басшысының 12 қазанда азаматтардың осы санатын әлеуметтік қамсыздандырудағы бірқатар жақсартушы нормаларды қамтитын жаңа заңға қол қоюы маңызды оқиға болды. Құжатта: мүгедектіктің I тобы бар адамдарды күту және оларға еріп жүру бойынша бірыңғай жәрдемақыны енгізу; алынатын жәрдемақыларды ұлғайта отырып, балаларды 7 жастан бастап мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді; мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны бір мезгілде алу; мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй кезегін сақтау және басқалары көзделген», – деді министр.

Сондай-ақ, халықтың басқа санаттарымен қатар мүгедектігі бар адамдар тұрақты тұратын немесе қызмет алатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің (бұдан әрі – МӘМ) қызметін регламенттейтін бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, барлық МӘМ-де бейнебақылау камераларын орнату қарастырылған. Камералар ұйымға іргелес жатқан аумақтың периметрі бойынша, негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, сондай-ақ үй-жайлар мен жалпы пайдалану кабинеттерінде орнатылады. МӘМ-дегі туыстары мен жақын адамдарының жазбаларды көруге рұқсаты болады.

Бұдан басқа, МӘМ директорларын тағайындау кезінде оларға қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Бұл азаматтармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибесі бар қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың басшыларын тарту арқылы өңірлердегі кадрлық дағдарыс проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, МӘМ-нің материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормативтері жақсарды.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу рәсімдері мен мерзімдерін оңтайландыру мақсатында Еңбекмині мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл келешекте мүгедектігі бар адамдардың инстанциялар бойынша жүруін және көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді.

Еңбекмині мүгедектігі бар адамдардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

«Елімізде 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Еңбек етуге қабілетті 126 мың адам экономикада жұмыспен қамтылған, бұл шамамен 30%-ды құрайды. Жұмысты жақсырақ таңдау үшін олар үшін Кәсіптер атласы әзірленді, ол тіршілік-тынысының шектелу түрлері бойынша 432 комбинациядан тұрады, шамамен 3 мың кәсіпті қамтиды. Ағымдағы жылы жұмыспен қамту шараларымен 15 мың адам қамтылды», – деді Серік Шәпкенов.

Министр сондай-ақ әлеуметтік және кәсіби бейімделу мақсатында республиканың барлық өңірлерінде 19 «Ten Qogam» орталықтары ашылып, жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Орталықтарда психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі.

 «Әлеуметтік оңалту қызметтерін кеңейту үшін министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп балаларға арналған 6 шағын жинақты оңалту орталығын ашты (Павлодар облысы – 150 баланы қамту; Қызылорда – 150; БҚО – 100; Ақтөбе – 350; Ақмола облысы – 100; Нұр-Сұлтан қаласы – 150). Бұл 5,8 мың баланы немесе 47%-ын оңалту қызметтерімен қамтуға мүмкіндік берді» – деп толықтырды Еңбекминінің басшысы.

Мемлекет Басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы әзірленді. Құжат Мәжіліске қарауға енгізілді.

Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық жоспардың жобасы әзірленді, онда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіру жөніндегі шаралар ескерілген.

«Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтуды кеңейту міндеті шешілетін болады. 12 өңірде 2022-2024 жылдары әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталығын салу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жер телімдері бөлінді. Сонымен қатар, NUR OTAN партиясының бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес, алдағы 5 жылда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында балаларға арналған 15 орталық ашу жоспарланған», – деді министр.

Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес қолжетімді ортаны қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға дейін анағұрлым басымдықтағы 22 мың объектіге (мемлекеттік мекемелер, ХҚКО, емханалар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт объектілері), жыл сайын 4 400 объектіге қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған.