ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Анархан Дүйсенова мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
А. Дүйсенованың айтуынша, бүгінгі таңда «Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталында (inva.gov.kz) өңірлер тұрғысында Нысандардың қолжетімділігі картасы жұмыс істеп, онда ел бойынша 35 мыңнан астам әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының бейімделуі туралы мәліметтер қамтылған.
Көрсетілген нысандар қолжетімділіктің 3 санатына бөлінген; қолжетімді, ішінара қолжетімді, қолжетімді емес. Қолжетімділік мүгедектігі бар адамдардың 4 санатына қатысты қарастырылуда: адам ағзасы функцияларының бұзылу сипаты, есту, көру, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар және тек кресло-арбалармен жүріп-тұру мүмкіндігі жөнінде.
«2025 жылға дейінгі кезеңде 22 мың нысан ең басым болып белгіленді, бұл бірінші кезекте мемлекеттік мекемелер, ХҚКО, емханалар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандары сияқты мүгедектігі бар адамдар жиі баратын нысандар», - деді Дүйсенова.
Интерактивті Қолжетімділік картасында жергілікті атқарушы органдар онлайн режимде мүгедектігі бар адамдар және мүмкіндігі шектеулі басқа да азаматтар үшін нысандардың жағдайын өзектендіруді жүзеге асырады.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жүргізілген бейімдеу сапасы тұрғысынан нысандарға мониторинг жүргізу бойынша қоғамдық бақылаудың өңірлік топтарының жұмысы жандандырылды.
«Өңірлердегі мониторингтік топтар 4 мың нысанда бейімделу сапасына бағалау жүргізіп, 3 569 ұсыным берілді, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 1 447 хат жолданып, 29 ұйғарым берілді», – деп хабарлады Дүйсенова.
Ол сондай-ақ, жіберілген заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті анықтау тәртібі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс арқылы реттелгенін айтты (83-бап).
Дүйсенова әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз етпеу, сондай-ақ мәдени ойын-сауық шараларына мүгедектігі бар адамдардың қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеу түрінде жасалған мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы ҚР заңнамасын бұзу лауазымды тұлғаларға 50, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 120, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтыратынын айтты.
«Айыппұлдар сомасы бақылау субъектілерінің мәртебесіне байланысты 145,8 мыңнан 1 млн 166,8 мың теңгеге дейін түрленеді. 1 жыл ішінде әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін заңбұзушылықтар қайта анықталған жағдайда лауазымды тұлғаларға 80 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 150 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 250 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 600 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Дүйсенова ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Комитеттің аумақтық департаменттерінің мамандары «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңдарының сақталуы тұрғысынан, оның ішінде мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет, көліктік қызмет көрсету салаларындағы әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарына мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде 805 тексеру жүргізгенін, оның ішінде: жоспарлы тексерулер (кәсіптік бақылау) 507, жоспардан тыс 298 болғанын жеткізді.
Олардың қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 598 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 10,9 млн теңгеге 106 әкімшілік айыппұл салынды.
Дүйсенованың айтуынша, тиісті салаға пандустың болмауы, пандустардың еңістерінің сәйкес келмеуі, зағип және нашар көретін азаматтар үшін тактильді көрсеткіштердің, шақыру түймелерінің, бейімделген санитарлық тораптардың, жеделсатылардың, көтергіштердің және т. б. жоқтығы сынды келеңсіздіктер тән болып табылады.
«Сонымен қатар, деректерді Қолжетімділік картасына енгізу қорытындысы бойынша аумақтық департаменттер барлық өңірлер бойынша нысандарды қайта тексереді. Мәселен, тексеру қорытындысы бойынша барлық өңірде дерлік заңбұзушылықтар анықталды. Жалпы бұл 1 701 нысан: тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін 199, кресло-арбамен қозғалатын адамдар үшін 269, есту қабілеті бұзылған адамдар үшін 268 және көру қабілеті бұзылған адамдар үшін 290 нысан», – деп түйіндеді Анархан Дүйсенова.
Нысан басшыларына орындау мерзімімен жазбаша ескертулер берілді.