Т. Оспанқұлов өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті

Т. Оспанқұлов өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Қазақстан кәсіпорындарында қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Т. Оспанқұловтың айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 мыңнан астам бұзушылықты анықтады, олардың 30% - ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі, атап айтқанда: қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеу( 695 немесе 27%); жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқамалықты өткізбеу (361 немесе 14%); жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқ киіммен қамтамасыз етпеу (142 немесе 5,6%); еңбекті қорғау бойынша қызметтің немесе жауапты тұлғаның болмауы (54 немесе 2,1%).

«Жұмыс берушілерге 2,7 мыңнан астам ұйғарым беріліп, 189 млн теңге сомасына 1 мыңнан астам айыппұл салынды. Құқық бұзушылыққа кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында құқық қорғау органдарына 777 материал жіберіліп, олар бойынша 102 қылмыстық іс қозғалды», – деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

 Төлеген Оспанқұлов сондай-ақ еліміздің 2,7 мыңнан астам кәсіпорны Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша стандарттарды енгізгенін атап өтті. Республика кәсіпорындарында 15 мың өндірістік кеңес жұмыс істейді, олардың міндеттеріне еңбекті қорғау жөніндегі 18 мыңнан астам техникалық инспекторлардың қатысуымен жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді.

«2020 жылы техникалық инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 64 039 тексеру жүргізді, оның барысында 118 912 бұзушылық анықталды, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері бойынша – 42 704. Ұйымда еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған 34 434 ұсыныс берілді. 318 бірлік жабдық, машина, жұмыс орындары мен өндірістік цехтардың жұмысы тоқтатылды.

Талдау көрсеткендей, өндірістік кеңестер қызметінің тиімділігі бар, өйткені олар анықтаған бұзушылықтарды жою нәтижесінде өндірістік жарақаттануды болдырмауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға ықпал етті», – деп атап өтті Оспанқұлов.

Ол сондай-ақ, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері жұмыс берушілер бірлестіктерімен және кәсіптік одақтар бірлестіктерімен бірлесіп, әлеуметтік қамсыздандырудың халықаралық қауымдастықтары әзірлеген «Vizion Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына Республика кәсіпорындарын қосу бойынша ақпараттық науқан өткізіп жатқанын айтты. Бүгінгі таңда оған 292 кәсіпорын қосылды.

ҚР Еңбекмині ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп Мемлекет Басшысының «Халықтық бақылау» жобасын енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін еліміздің кәсіпорындарында мүгедектігі бар адамдарды «халық бақылаушылары» ретінде тарту бойынша жұмыс берушілермен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілуде.

«Жобаны іске асыру жұмыс орындарының белгіленген квотасы шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Оларды кәсіпорын штатына еңбек шарты бойынша бейнебақылау операторлары ретінде ресімдейді, олар ауысыммен онлайн режимде жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қадағалайды және қауіпсіздік техникасының бұзылуын қадағалайды. Бүгінгі таңда «Халықтық бақылау» жобасын республиканың 148 кәсіпорны енгізді», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Бас мемлекеттік еңбек инспекторы сондай-ақ, бүгінгі таңда «post factum» ден қоюға негізделген еңбекті қорғауды басқарудың «компенсаторлық» моделінен қазіргі заманғы тәуекелге бағдарланған модельге көшу жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Осы жұмыс шеңберінде 2020 жылы Еңбек кодексіне кәсіптік тәуекелдерді бағалау мен басқаруға негізделген еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бойынша бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Бұдан басқа, 2020 жылы ҚР Еңбекмині еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ережені және кәсіптік тәуекелдерді басқару қағидаларын бекітті.

Өндірістік орта факторларының зияндылығы мен қауіптілігі, еңбек процесінің ауырлығы мен қауырттылығы көрсеткіштері бойынша еңбек жағдайларын бағалау мен жіктеудің гигиеналық критерийлері өзектендірілді.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 6 нормативтік құқықтық актіге (оқыту және білімді тексеру қағидалары; жұмыстар тізімі және ауыр заттарды тасудың шекті нормалары; сүт беру қағидалары; еңбек қауіпсіздігі қызметі туралы Үлгілік ереже, тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу жөніндегі нысандар; мемлекеттік еңбек инспекторы актілерінің нысандары) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

«Мемлекет Басшысының қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2021 жылғы 17 маусымда 2025 жылға дейінгі қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес биыл Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірлеу басталды, онда қауіпсіз еңбек пен озық халықаралық тәжірибені қамтамасыз етудегі проблемалық мәселелерді талдау негізінде еңбекті қорғау саласындағы дамудың негізгі бағыттары әзірленетін болады», – деп атап өтті Оспанқұлов.

Сонымен қатар, алдағы 5 жылға арналған іс-қимыл жоспары:  

- тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту;

- жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді төмендету бойынша жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

- еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту;

- әлеуметтік әріптестікті дамыту.

Жоғарыда көрсетілген жұмыс бағыттарының іске асырылуын бақылауды ҚР Еңбекминінің жобалық офисі жүзеге асырады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай өндірістік жарақаттану 10% - ға, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер саны 20% - ға дейін төмендейді деп күтілуде.