2021 жылы мемлекеттік еңбек инспекторларының тексеруі нәтижесінде 8 мыңнан астам бұзушылық жойылды

2021 жылы мемлекеттік еңбек инспекторларының тексеруі нәтижесінде 8 мыңнан астам бұзушылық жойылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау және ведомствоның ағымдағы жылдың 9 айындағы қызметінің қорытындылары туралы алқа отырысында лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау  бойынша қабылданып жатқан шаралары жөнінде хабардар етті.

Бейнеконференцбайланыс режиміндегі іс-шараға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, «Атамекен» ҰКП өкілдері, вице-министрлер, Еңбекмині департаменттерінің директорлары мен қоғамдық кеңес мүшелері, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары қатысты.

Серік Шәпкенов өз сөзінде лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау Еңбекмині қызметінің басты басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.

«2021 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары қабылдаған шаралардың нәтижесінде 8 мыңнан астам бұзушылық жойылды, 4,7 млрд.теңге сомасына жалақы бойынша берешек өтелді және 20 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды», – деді министр.

Ол сондай-ақ Қазақстанда еңбек жанжалдарын болдырмау жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатқанын айтты. Кәсіпорындарда ахуалды мониторингілеу үшін Еңбекмині жанында ахуалдық орталық, ал өңірлерде мониторингтік топтар жұмыс істейді.

«Жыл басынан бері ел бойынша 350 кәсіпорын бойынша еңбек дауларының туындау тәуекелдері атап өтілді. Көптеген кәсіпорындарда даулы мәселелер шешілді», – деді Серік Шәпкенов.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылуда. Соңғы 5 жыл ішінде өндірісте зардап шеккендердің саны 10%-ға – 1678-ден 1503 адамға дейін азайды. Қазақстанда 15,6 мың өндірістік кеңес жұмыс істейді, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 2,7 мың стандарт енгізілді. «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыс жалғасуда (еліміздің 263 кәсіпорны осы Тұжырымдаманы қолдады).

«Әлеуметтік әріптестік аясында барлық тараптардың мүдделерін теңгерімді қорғауға бағытталған 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім жасалды. 18 салалық және 200 өңірлік келісім қабылданды. 152 мың ұжымдық шарт жасалды, оның ішінде 98%-ы ірі және орта кәсіпорындарда. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша әкімдіктер мен өңірлердің кәсіпорындары арасында 139 мыңнан астам меморандум жасалды, оларда 2,3 млн. жұмыс орнын сақтау көзделген.

Еңбек заңнамасын жетілдіру шеңберінде 2021 жылғы 1 шілдеде қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша заң қабылданды», – деп мәлімдеді Еңбекминінің басшысы.

Серік Шәпкенов алқа отырысына қатысушылардың назарын еңбек дауларын болдырмау ісіне аударды.

«Кәсіпорындардағы еңбек жанжалдары, негізінен, әкімшілік пен жұмыскерлер арасындағы коммуникацияның тиімді тетігінің болмауынан туындайды. Жұмыс берушілер көбінесе ұжымның әлеуметтік жағдайын елемейді, жұмыскерлердің қажеттілігі мен мұқтаждығына мониторинг жүргізбейді. Бұл, тиісінше, қақтығыстардың жүйелі түрде пайда болуына себеп болады. Сондықтан әкімдіктер кәсіподақтармен бірлесіп, жұмыскерлердің талаптарын дер кезінде зерделеп, жұмыскерлермен де, жұмыс берушілермен де белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет», – деп атап өтті министр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі сондай-ақ барлық өңірлердің жергілікті атқарушы органдарына еңбекақы бойынша берешекке жол берген кәсіпорындар басшыларын тыңдай отырып, әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың жұмысын жандандыруды, ал Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар және Қостанай облыстарының әкімдіктеріне осыған қосымша жарақаттанудың алдын алу және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жөніндегі жұмысты күшейтуді ұсынды.