С. Шәпкенов: Еңбекмині Президент пен Үкімет қойған барлық міндеттерді уақтылы орындауда

С. Шәпкенов: Еңбекмині Президент пен Үкімет қойған барлық міндеттерді уақтылы орындауда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау және ведомствоның ағымдағы жылдың 9 айындағы қызметінің қорытындылары бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа отырысын өткізді.

Бейнеконференцбайланыс режиміндегі іс-шараға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, «Атамекен» ҰКП өкілдері, вице-министрлер, Еңбекмині департаменттерінің директорлары мен қоғамдық кеңес мүшелері, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары қатысты.

Өз сөзінің басында Серік Шәпкенов Еңбекминінің Президент пен Үкімет қойған барлық міндеттер уақтылы орындалатынын атап өтті.

«2021 жылы әлеуметтік төлемдерге 3,7 трлн теңге бөлінді. Бұл іс жүзінде республикалық бюджет шығыстарының төрттен біріне тең. 4 млн. қазақстандық зейнетақы мен жәрдемақылар алады. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірқатар шаралар іске асырылды: зейнетақылар мен жәрдемақылар 5 - тен 7% - ға дейін индекстелді; білім беру саласындағы азаматтық қызметшілердің жалақысы 19% - ға, денсаулық сақтау саласында 20-дан 30% - ға дейін, әлеуметтік салада 45% - ға дейін арттырылды. Табысы аз азаматтарды мемлекеттік қолдау мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі, оны 875 мың адам алады. АӘК алатын отбасылардан шыққан балаларға қосымша кепілдендірілген әлеуметтік топтама беріледі. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын қызметкерлер үшін сақтандыру тәуекелдері басталған кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер беру көзделген. 1 қазандағы жағдай бойынша жүйенің 970 мыңға жуық қатысушысы шамамен 250 млрд теңге көлемінде төлем алды. Негізгі бөлігі – жүктілікке және босануға, бала күтіміне байланысты берілетін төлемдер», – деді министр.