Электрондық үкімет порталында мүгедектігі бар адамдарға арналған екі жаңа мемлекеттік қызмет іске қосылды

Электрондық үкімет порталында мүгедектігі бар адамдарға арналған екі жаңа мемлекеттік қызмет іске қосылды

Енді ерекше қажеттіліктері бар адамдар eGov.kz-те үйде және медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттарды ресімдеуге өтінім бере алады. Бұрын ол үшін ХҚКО немесе жергілікті атқарушы органға бару қажет болатын.

Қызметтерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп іске асырды.

«Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін біз электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесін біртіндеп кеңейтіп жатырмыз. Жаңа цифрлық шешім ерекше қажеттіліктері бар адамдарға үйден шықпай-ақ онлайн режимде үйде немесе медициналық-әлеуметтік мекемелерде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеуге мүмкіндік береді. Пайдаланушылар өздеріне, балаларына немесе қамқорлығындағы балаларға қызмет көрсетуге тапсырыс бере алады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Құжаттарды ресімдеуге өтінім беру үшін электрондық үкімет порталында тиісті қызметті таңдау, сұратылған ақпаратты толтыру, құжаттарды тіркеу, ЭЦҚ немесе бір реттік пароль арқылы сұрау салуға қол қою қажет. Сұрау салу сәтті өңделген кезде мемлекеттік органнан жеке кабинетке өтінімнің орындалуы туралы хабарлама келеді. Порталда қызмет көрсету мерзімі үйде күтім көрсету жағдайында көмек алғысы келетін пайдаланушылар үшін 14 жұмыс күнін және пайдаланушы медициналық-әлеуметтік мекемелерде қызмет көрсетуге өтінім берсе, 17 жұмыс күнін құрайды.