Еңбекмині мен Халықаралық көші-қон ұйымы Адам саудасымен күрес бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасады

Еңбекмині мен Халықаралық көші-қон ұйымы  Адам саудасымен күрес бойынша ынтымақтастық туралы  меморандум жасады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Серік Шәпкенов пен Халықаралық көші-қон ұйымының (бұдан әрі - ХКҰ) Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, Орта Азиядағы ХКҰ үйлестірушісі Зейнал Гаджиев Еңбек көші-қоны және адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа тараптар онлайн келіссөздердің қорытындысы бойынша қол қойылды, оның барысында өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері талқыланды.

 «Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіатынан сіздерге ізет танытып, 30 шілдеде атап өтілетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Қазақстанның Халықаралық көші-қон ұйымымен қарым-қатынасы сындарлы және өзара тиімді ынтымақтастық арнасында дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Министрлік Халықаралық көші-қон ұйымымен өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше мән береді», - деді келіссөздер барысын ашқан Серік Шәпкенов.

Еңбекминінің басшысы өз сөзінде мүдделі мемлекеттік орындардың адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өзара іс-қимылын үйлестіру үшін Қазақстанда құрамына ХКҰ өкілдері кіретін тиісті ведомствоаралық комиссия жұмыс істейтінін атап өтті.

«Ағымдағы жылғы 24 ақпанда Үкімет адам саудасына байланысты қылмыстың алдын алу, болдырмау және оған қарсы күрес жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспардың бір тармағын іске асыру шеңберінде «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірлеу туралы мәселе қаралуда. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі тұжырымдамасының жобасына адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді көздейтін бап енгізілген», – деп хабарлады Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар Министр көші-қон саласындағы, атап айтқанда Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеудегі ынтымақтастығы үшін ХКҰ тарапына алғысын білдірді.

 «Ағымдағы жылғы 19 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, оның шеңберінде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Ішкі істер министрлігінің  халықтың көші-қоны саласындағы, сондай-ақ босқындар мәселелері жөніндегі 22 функциясы мен өкілеттігін беру көзделген. Осы Жарлықты іске асыру мақсатында Министрлік жанынан көші-қон саласындағы жеке комитет құру жайы қаралуда», - деп қосты ол.

Еңбекмині басшысы өз сөзінің соңында 1998 жылдан қолданыстағы келісімді алмастыратын ҚР Үкіметі мен Халықаралық көші-қон ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы жаңа келісім Халықаралық шарттар жасасудың 2021 жылға арналған  жоспарына енгізілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта келісім жобасы мемлекеттік органдарда келісуде.

Өз кезегінде Зейнал Гаджиев ҚР Үкіметіне ынтымақтастық үшін алғысын білдірді, сондай-ақ ХКҰ тарапынан Қазақстанға көші-қон және адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелерін шешуде алдағы уақытта да қажетті көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

«Өзара күш-жігерімізбен ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге шығара алатынымызға сенімдімін!» - деді Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы.

Тараптар жасасқан Меморандум ақпарат алмасуды; еңбек көші-қоны және адам саудасына қарсы күрес салаларында түрлі іс-шаралар өткізуді; көші-қон саясатының стратегиясын қалыптастыру мәселелері бойынша кеңесуді; өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейді.

Тиісті Меморандум халықаралық шарт болып табылмайды және тараптардың ешқайсысы үшін қандай да бір құқықтық және қаржылық міндеттемелер жүктемейді.